Мәдениет, спорт саласындағы педагогтардың жалақысы екі есе өседі

Автор: Azattyq Rýhy

Мәдениет және спорт министрі есеп берді

фото: Батыржан Беспаев

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова онлайн форматта халық алдындағы есептік кездесуін өткізіп, жыл басынан бері ведомство тарапынан атқарылған жұмыстарға тоқталды. Кездесу барысында министр мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған педагогтардың жалақысы 2021 жылы 50%-ға көбейетінін мәлімдеді. 

«Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы мен басшы қызметкерлеріне белгіленген лауазымдық жалақыларының мөлшеріне 1,75 коэффициенті сақталған. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп және колледж педагогтарының жалақысы жыл сайын 25%-ға ұлғайып отырады (2020 жылы - 25%, 2021 жылы - 50%, 2022 жылы-75%, 2023 жылы - 100%)», - деді.

Сондай-ақ 2020 жылдың басынан бері кәсіптік қызметін тоқтатқан және кәсіби еңбек өтілі кемінде 20 жыл болатын балет әртістеріне ай сайын соңғы 3 жылдық орташа жалақысының 60%-ға дейінгі мөлшерінде төлемдер берілетін болды. Оған қоса, жаттықтырушы-оқытушылардың да жалақысы көбейеді.

«Негізінен, жаттықтырушы-оқытушылардың, мұғалімдердің, 4 мектеп-интернат-колледждері мен спорт колледжі тәрбиешілерінің, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы-оқытушыларының жалақысы көтеріледі. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының педагогтарына сабақтан тыс спорт жаттығуларын жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақының (17 697 теңге) 100% мөлшерінде қосымша ақы беріледі», - деді министр.

Айта кететіні, Мемлекет басшысының жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, ол орта есеппен алғанда 96 мыңнан 139 мың теңгеге дейін, өңірлерде 35%-ға, сәйкесінше 96 мыңнан 126 мың теңге дейін өскен. Жалпы, мұндай өсім шамамен 34 мың адамды қамтыды.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан