Министрдің айтуынша, жағдай қатты ушыққанда ғана күшейтілген карантин режимін енгізуге болады
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов карантин шаралары жеңілдетілген соң COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны айтарлықтай өсіп жатқанын мәлімдеді.
«Өкінішке қарай, карантин шараларының жеңілдеуімен, соңғы екі аптада кейбір өңірлерде науқастардың өсім артқанын көріп отырмыз. Бүгінгі талқылаудың негізгі мәселесі сол. 15-24 мамыр аралығында 2800 науқас, 25 мамыр-3 маусым аралығында 3500 науқас тіркелді», - деп хабарлады Біртанов.
Алайда, министр коронавирус жұқтырғандардың саны көбейіп жатса да, бұл мәселе қайтадан қатаң карантин енгізумен шешілмейтінін жеткізді.
«Тағы да қатаң карантин енгізіп, ауру өсімін қайтадан төмендетуге болады. Бірақ, тәжірибе көрсетіп отырғандай, қатаң карантин – бұл мәселенің шешімі емес. Қатаң карантинді жағдай қатты ушыққанда қолдануға болады. Ал, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту үшін карантинді жеңілдеткеніміз - бұрынғы бейбіт өмірге оралдық деген сөз емес. Сондықтан, бізге пандемия жағдайында өмір сүріп үйрену керек», - дедің Біртанов.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан