Азаматтық істерді сотта қарау процесі қашықтан өтеді – Жоғарғы сот

Автор: Azattyq Rýhy

Сот процесін цифрландыруға биыл 1,3 млрд теңге қарастырылған

Фото: sputniknews.kz

Бүгін Сенатта «Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексіне соттар жұмысының заманауи форматтарын ендіру, артық сот рәсімдері мен шығындарын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы Заң жобасы қабылданды.

Құжатты Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мейрамбек Таймерденов таныстырды. Заң жобасы үш бағыттан тұрады.

«Азаматтық сот процесін қашықтан өткізуге мүмкіндік бар. Мәселен, мен жақында ғана АҚШ-та тұрып жатқан Қазақстан Республикасының азаматының өтінішін қарадым. Сот процесі барысында Америкадағы азаматпен тікелей байланысқа шықтық. Демек, алдағы уақытта бұл процесті тәжірибе жүзінде іске асыруға мүмкіндігіміз бар. Жалпы, сот процесін цифрландыру мақсатында биыл 1,3 млрд теңге қарастырылған. Жыл соңына дейін 700 электронды құрал сатып алу жоспарланып отыр», - деді Мейрамбек Таймерденов.

Сенаторлар Заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.

Әсел Тұмашқызы, Нұр-Сұлтан