Үкіметте су жаңа министр ант берді

Автор: Нұргүл Абай

Ерсайын Нағаспаев Өнеркәсіп және құрылыс министрлігін басқарады

Фото: ktze.kz

Бүгін Үкіметтің кезекті отырысында өнеркәсіп және құрылыс министрі қызметіне кіріскен Ерсайын Нағаспаев Қазақстан халқына адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қазақстан халқы мен президенті алдында өз Отаным – Қазақстанның экономикалық және рухани даму ісіне барлық күш-жігерім мен білімімді жұмсауға, мемлекеттің Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, өзімнің барлық іс-әрекетімде заңдылық пен әділеттілік, азаматтық, ұлтаралық және конфессияаралық татулық принциптерін ұстануға, Қазақстан халқына адал қызмет етуге, өз елімнің мемлекеттілігі мен дүниежүзілік қоғамдастықтағы беделін нығайта беруге салтанатты түрде ант етемін», - деді Нағаспаев.

Премьер-министр Олжас Бектенов министрдің «жауапты қызметіне табыс тіледі».

Естеріңізге салайық, жақында президент жарлығымен Ерсайын Қайырғазыұлы Нағаспаев өнеркәсіп және құрылыс министрі лауазымына тағайындалды. Осыған дейін бұл қызметті Қанат Шарлапаев атқарған болатын. Ол енді президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі.