Биыл 554 мың гектар жерді қауіпті шегіртке қаптайды деп күтіледі
Биыл Қазақстанда үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресу үшін республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінген. Бұл туралы ҚР АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы Марс Алмабек айтты.
«Аталған қаражат шегіртке қаптайды деп болжанған аумақтарды тазалау үшін қажетті химиялық өңдеу және пестицидтер сатып алуға мүмкіндік берді. Саяқ шегірткеге қарсы күрес жүргізу үшін жергілікті бюджет қаражатынан 555,1 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар, Орталық қоймада шегіртке зиянкестерімен күресу үшін жалпы ауданы 525,3 мың га алаңға жететін 47,5 мың литр пестицид қоры бар, бұл болжанған шегіртке зиянкестерінің 95%-ын жоюға жеткілікті», - деді Марс Марсұлы бүгінгі брифингте.
Оның айтуынша, 2020 жылы елімізде 554 мың гектар жерді шегіртке қаптайды.
«Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РММ мәліметінше, 2020 жылы 554,0 мың га аумақта үйірлі шегіртке зиянкестері, оның ішінде итальяндық прус (295,9 мың га), азиялық шегіртке (164,2 мың га) және мароккалық шегіртке (93,9 мың га) тарауы мүмкін деп күтіледі. Бұдан басқа, саяқ шегіртке зиянкестері 266,8 мың га аумақта тарайды деп болжанып отыр», - деді ол.
Шегіртке ошақтарын анықтау үшін 570 бірлік автокөлік және GPS навигаторлар, GPS трекерлер, планшеттер пайдаланылмақ. Сонымен бірге 1224 тексеруші тартылып, 38,3 млн га жер зерттеледі.
Марс Марсұлы шегірткелердің жаппай көшуінің алдын алмаса, кей әлем елдеріндегідей Қазақстанда да үлкен проблема тууы мүмкін. Себебі, БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының мәліметтері бойынша, шегіртке шапқыншылығы Африканың көптеген аймақтарында аштыққа себеп болуы ықтимал.
«Ағымдағы жылы Ауғанстан, Пәкістан, Үндістан және оңтүстік-шығыс Азияның басқа елдері бұрын-соңды болмаған шегірткелердің шабуылын бастан кешуде. Ғалымдардың айтуынша, 2020 жылы шегірткенің толқуынан туындаған мәселелер апатты ауқымға ие болуы мүмкін», - деді ол брифингте.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан