Үкімет нақты шаралар қабылдауы керек дейді президент
Қазақстанның экономикасы Ұлттық қордың ақшасына тәуелді болып тұр. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Былтыр біраз қиындық болғаны рас. Экономиканың дамуына көптеген жағымсыз факторлар ықпал етті. Дегенмен біз ахуалды ушықтырмай, бақылауда ұстай алдық. Жалпы Нәтиже жаман емес деуге болады. Өткен жылды оң көрсеткіштермен аяқтадық. Алайда жайбарақат отыруға болмайды. Шешім табуы қажет түйткілдер әлі де көп. Мұны сарапшылар да, азаматтар да жақсы біледі», - деді мемлекет басшысы.
Оның айтуынша, еліміздің экономикасын әртараптандыру міндеті толық орындалмаған.
«Экономикамыз Ұлттық қордың қаржысына аса тәуелді болып тұр. Бірақ осы жерде атап өтуіміз керек, Ұлттық қор бұл мемлекеттік экономиканың ажырамас бөлігі. Бизнестің инвестициялық белсенділігі әлі де болса төмен деңгейде. Бұл олқылықтарды биылдан қалдырмай дереу жою қажет. Үкімет нақты шараларды қабылдауы тиіс», - деді Тоқаев.