Блогерлерді журналистерге теңестіреді, медиаиндустрия академиясы құрылады – Үкімет қаулысы
Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту туралы Үкіметі қаулысы
Қазақстанда онлайн-журналистиканың дамуы толыққанды медиа-ортаны қалыптастырды, бұл Қазнетке әлемдік ақпараттық кеңістіктің бір бөлігі болуға мүмкіндік береді.
Осы жайында Ақпарат саласын дамытудың 2020-2022 жылдарға арналған ұлттық жоспарын бекіту туралы ҚР Үкіметі қаулысында жазылды. Екі жылдық Ұлттық жоспарда отандық медиадағы трендтер мен оның қай бағытта қозғалуы керектігі егжей-тегжейлі айтылған. Azattyq Rýhy тілшісі қаулының негізгі тұстарын ұсынады.
ТВ – ӘЛІ КҮНГЕ ЕҢ ТАНЫМАЛ БАҚ
Қазақстанда 3600-ден астам БАҚ тіркелген. Аудиторияны қамту бойынша ең танымал ақпарат құралы – бұрынғыдай телевизия cсаласы. Интернет-ресурстар екінші, дәстүрлі баспа басылымдар үшінші орында. Радио танымалдығы жөнінде БАҚ-тар арасында кейінгі орында.
Елімізде бас-аяғы 410 телеарна тіркелген, оның 161-і – қазақстандық және 249-ы – шетелдік. Отандық телеарналардың үштен бір бөлігі соңғы үш жылда ашылған. Дегенмен, өңірлік телевизия бәсекеге қабілетсіз. Олардың жұмысы, қаржыландыру мәселесі түбегейлі қайта қаралмақ.
Қазақстандағы интернет-басылым саны – 471.
«Комитет деректері бойынша 6-74 жастағы Интернет желісін пайдаланушылардың үлесі 78,2%, мобильді интернетті пайдаланушылардың саны 44%-ға өсті. Негізгі аудитория – 14-45 жас аралығындағылар. Бұдан басқа, әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің танымалдығы артқанын атап өту қажет. 2019 жылдың қаңтар айындағы жағдай бойынша, әлеуметтік желілерді елдегі халықтың 39%-ы пайдаланады. Бұл ретте, 19%-ы смартфондар арқылы әлеуметтік медианы пайдалануды қалайды», - деп жазылған қаулыда.
Жаңа платформалардың дамуы телевизияның танымалдығына қатты әсер ете қоймаған. Себебі, адамдар «теледидарды көруді азайтқанымен, телеөнімдерді пайдалануды тоқтатпаған».
Мерзімді баспасөз басылымдарының саны БАҚ арасында қаншалықты көп болса, аудиториясы соншалықты аз. Елімізде 2964 мерзімді баспасөз ( жалпы БАҚ санының 80,8%-ы), оның ішінде 1859 газет және 1105 журнал тіркелген. Күн сайын оларды қазақстандықтардың 13%-дан астамы ғана оқыса, 43%-ы сирек, ал 23%-ы мүлдем оқымайды. Негізгі проблема – ақпарат тарату бойынша бәсекеде интернет БАҚ-тың алға шығуы мен пошта қызметінің қымбаттауы және газет дүңгіршектерінің азаюы. Осыған байланысты мемлекет газет-журналдарға қолдау көрсетіп, дүңгіршек желілерін қаржылай ынталандырмақ.
Ал радиоға деген сұраныс 3,3% ғана.
WHATSAPP ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІККЕ ҚАТЕР ТӨНДІРЕДІ
BRIF Research Group зерттеу компаниясының мәліметінше, қазақстандықтардың 77 %-ы ақпарат алмасу үшін Whatsapp мессенджерін пайдаланады, Instagram әлеуметтік желісін пайдаланушылар – 34%, ВКонтакте – 40 %, Одноклассники әлеуметтік желісіне 30% адам кіреді.
Үкімет қаулысында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде тарайтын жалған ақпарат елдің ақпараттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді.
«Камералармен, диктофондармен жарақтандырылған, сондай-ақ интернетке қолжетімді смартфондардың пайда болуы мультимедиалық өндірістің құнын арзандатып, азаматтық журналистиканың дамуын ынталандырды. Бұл жалған ақпараттың пайда болуына түрткі болып, халықтың дәстүрлі БАҚ-қа деген сенім деңгейінің төмендеуіне алып келді, осылайша бұл медиа нарықтың қатысушыларын барынша оңай оқылатын, дұрыс және верификацияланған контентті өндіруге итермеледі», - деп жазылған қаулыда.
Ақпараттық кеңістікке төнетін қауіптің бірі шекара маңындағы елдімекендерде шетелдік радиостанциялар арқылы келеді.
«Мемлекеттік радио үшін халықты кең ауқымда қамту және әсіресе, елдің ақпараттық тұтастығын сақтау үшін шекара маңындағы аумақтарды мемлекеттік радиомен қамту басымдық болып табылады. Осыған байланысты, мобильді қосымшаларды белсенді ендіре отырып, мемлекеттік радиохабарларды интернетке біртіндеп көшіру орынды. Дамудың перспективалы векторы шекара маңындағы өңірлерге, интернетпен төмен қамтылған және БАҚ-тың баламалы түрлері жоқ елдімекендерге баса назар аудара отырып, цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату инфрақұрылымын жақсартудан көрінеді, сондай-ақ отандық контенттің үлесін ұлғайтқан жөн», - делінген хатта.
БЛОГЕРЛЕРДІ ЗАҢДЫ ТҮРДЕ ТІРКЕУГЕ АЛАДЫ
2020-2022 жылдарға арналған жоспарда отандық блогерлер қызметін құқықтық қамтамасыз ету қосылған. Осылайша, мемлекет азаматтық журналистиканың «жаңа түрін» дамытқысы келеді.
«Аталған шара блогерлерді мемлекеттік және халықаралық ұйымдарда аккредиттеу құқығын қоса алғанда, құқықтармен және журналистер жұмысының өмірлік маңызы бар бөлігі болып табылатын қорғаумен (төтенше жағдайларды жою, қарулы арнайы операцияларды жария ету кезіндегі таным белгілері және басқалар) қамтамасыз ете алады», - делінген Ұлттық жоспарда.
Бұл ретте Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің №34 жалпы тәртіптегі ескертуіне сүйенеді. Онда «журналистік функцияларды адамдардың ауқымды тобы, оның ішінде кәсіпқой штаттық репортерлер мен талдаушылар, блогерлер және баспа басылымдарында, интернетте немесе басқа да жерлерде жарияланатын басқа да адамдар атқарады» делінген еді.
Сондай-ақ шетелдік интернет-телеарналарды Қазақстанда заңды түрде тіркемек.
«Интернет-телевизияны дамытуды олардың құқықтық мәртебесін және олардың қызметін жүзеге асырудың тәртібін айқындаудан бастау керек. Атап айтқанда, «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкестендіру мақсатында заңнамада шетелдік интернет-телеарналарды уәкілетті органда тіркеу бойынша өзгерістерді қарастырған жөн. Сонымен қатар, қазақстандық телеарналарды интернет-телевизияның шетелдік провайдерлерінің қызметтерін ұсыну пакеттеріне енгізу жөнінде шаралар қабылдау қажет», - делінген Қаулыда.
Интернет-телеарнаға OTT (Over the Top) арқылы, яғни провайдерден құрылғыға видео жеткізетін ұйымдар жатқызылады.
ЖАҢАЛЫҚТАРҒА МЕМЛЕКЕТТЕН АҚША БЕРІЛМЕЙДІ
Мемлекеттік әлеуметтік тақырыптағы және зерттеу материалдарын кеңінен қамту мәселесін алға тартып, жаңалықтар мемлекеттік ақпараттық тапсырыс қатарынан алынып тасталмақ.
«Сол арқылы оларды әлеуметтік маңызы бар тақырыптарды жария етуге бағыттау қажет. Осы шараны интернетте, мерзімді баспасөз басылымдарында мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізу шеңберінде жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар, баспа БАҚ-та талдамалық контентке баса назар аударуды көздеу қажет. Жаңалық материалдарын интернет-ресурстарының жариялау жеделдігі сияқты объективті себептерге байланысты баспа БАҚ-тардың журналистік тергеп-тексерулерді, шолу материалдарын, сараптамалық мақалаларды және басқаларды қоса алғанда, талдамалық контенттің орнын иеленгені жөн», - делінеді құжатта.
МЕДИАИНДУСТРИЯ АКАДЕМИЯСЫ ҚҰРЫЛАДЫ
Жаңа трендтер дәуірінде барлық БАҚ түріне медиаөнім әзірлей алатын, бәсекеге қабілетті журналистер даярлайтын Медиаиндустрия академиясы құрылмақ. Академия құру мәселесімен алдағы жартыжылдықтан бастап «Медиа дамыту қоры» КҚ айналыспақ.
«БАҚ саласында кадр даярлау жүйесін қайта қарап, халықаралық стандарттарға сәйкестендіру қажет. Менторлық институтты дамыту және танымал қазақстандық, шетелдік медиасарапшылар мен мамандарды тарту арқылы білім беру курстарын ұйымдастыру шараларын көздеу керек», - дейді бұл туралы Қаулы.
Кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, отандық ЖОО-лардағы журналистика факультеттерінің студенттері арасында жыл сайынғы «Үміт» шығармашылық конкурсын өткізу де жоспарда бар.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан