Қазақстанда әкімдерге халықтың проблемасын шешу үшін жасанды интеллект көмектеседі
Өзекті ақпарат апта сайын әр әкімнің электронды поштасына түседі
Енді өңір әкімдері әлеуметтік проблемаларды шешу үшін жасанды интеллектің көмегіне жүгінеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Цифрлық Үкіметтің кеңсесінде «Отбасының цифрлық картасы» таныстырылды.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл жүйе елдегі 6 миллионнан астам отбасыны цифрландырған.
«Бұл жерге азаматтар өтініш беретін е-Өтініш жүйесінің деректерін және әкімдіктер пайдаланатын ақпаратты қосып, жасанды интеллекті қолдана отырып, көптеген мәлімет пен ұсыныстар алдық, сонымен қатар осы жүйе облыстағы кез келген ауданның басты проблемаларын анықтауға мүмкіндік береді», - деді Мәдиев.
Премьер-министр Олжас Бектенов жасанды интеллектінің ұсыныстарын автоматты түрде апта сайын өңір әкімдеріне жіберіп отыруды тапсырды.
«Әрбір әкім жұмыс орнында осы ақпаратты ашып, қай жерде қандай проблема бар екенін көріп отыруы керек. Осылайша жасанды интеллектінің пайдасын көреміз. Әрине, бұған өзіміз де талдау жасауға болар еді, бірақ оған қаншама уақыт пен ресурс қажет. Ал жасанды интеллект бұл процесті тездетеді. Осы жұмысты жалғастыру керек», - деді Бектенов.
Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев өзекті ақпарат әрбір әкімнің электронды поштасына жолданатынын айтты.