Маминнің төрағалығымен елорданың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары талқыланды

Автор: Azattyq Rýhy

Үкімет басшысы бас қала басқа өңірлерге үлгі болу керектігін айтты

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен Нұр-Сұлтан қаласының жаңа орталығын салу барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысы өтті.

Нұр-Сұлтан қаласының 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру туралы қала әкімі Алтай Көлгінов, тұрғын үй құрылысы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, сондай-ақ басқа да орталық мемлекеттік органдардың басшылары баяндама жасады.

Нұр-Сұлтан қаласында жинақы құрылыс салу жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспар 23 іс-шарадан және 543 жобадан тұрады. Биыл қаланы газдандырудың І кезегін іске асыру жұмыстары жалғасады, атап айтсақ, «Көктал», «Железнодорожный», «Промышленный» және «Оңтүстік-Шығыс»  тұрғын үй алаптары, ЖЭО-1, 2 реконструкциялау және ЖЭО-3 құрылысы. Ұзындығы 15,1 шақырым болатын автожолдарды, ұзындығы 84 шақырым инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды – электрмен, жылумен, сумен жабдықтау, су тарту және нөсерлік кәріз жүйесі желілерін салу және реконструкциялау жұмыстары аяқталады. Тұрғын үй алаптарын дамыту бағдарламасы бойынша – абаттандыру, мектептер, емханалар салу және т. б. жобалар іске асырылады.

Бүгінде қалада 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынып жатыр. Жыл басынан бері 637 мың шаршы метр пайдалануға берілді. Биыл 10 мың орынға шақталған 13 мемлекеттік мектептің құрылысын аяқтау, сондай-ақ 2021-2022 жылдары пайдалануға беруді көздеумен 20 мың орынға шақталған 19 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу жоспарланған. Қосымша 20 мың орынға шақталған 10 мектеп МЖӘ тетігі бойынша салынады. Құрылыстарды биыл тамыз айында бастау жоспарланған, мектептер 2021 жылдың 1 қыркүйегіне дейін пайдалануға беріледі.

«Біздің басты міндетіміз – қаланың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, оның инфрақұрылымын, сыртқы келбетін жақсарту. Елорда өмір сүру сапасының деңгейі бойынша барлық өңірге үлгі болуы тиіс», — деді А. Мамин.