Қазақстанда сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жануарлар тізімі жаңарады

Автор: Нұргүл Абай

Тізімнен 21 омыртқасыз жануар алынған

Фото: istockphoto.com

Қазақстанда сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген жануарлар түрлерiнiң тiзбесі жаңартылады. Бұл туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрдің айтуынша, қазір елдегі Жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерi тiзбесiнде жануарлардың 227 түрі тіркелген, оның ішінде 131 түрі –  омыртқалылар және 96-сы –  омыртқасыздар. 

«Қазір министрлік Зоология институтының биологиялық негіздемесі бойынша Халықаралық табиғатты қорғау одағының критерийлеріне сәйкес тізбені жаңарту жұмыстарын бастады.  Нәтижесінде тізімнен 21 омыртқасыз жануар түрін шығару, 6 омыртқасыз және 5 омыртқалы жануар түрін енгізу ұсынылды»,  - деді Нысанбаев Үкімет отырысында.

Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру – әлемдік қауымдастық тарапынан сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарларды сақтаудың ең тиімді кешенді шарасы екенін атап өтті. Тәуелсіздік жылдары елдегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды кеңейту және құру жұмыстары нәтижесінде олардың алаңы 869 мың гектардан 30,9 млн га дейін ұлғайған.

«Елімізде биоалуандылықты сақтап қалу бойынша қабылданған шаралар нәтижесінде 2005-2023 жылдар аралығында сирек кездесетін тоғай бұғысы, құлан, арқар және қарақұйрық популяциясы айтарлықтай өсті», - дейді ведомство басшысы.