Келер жылы Қазақстан Ресейден 4 жолбарыс әкеледі – министр
Осы жылы Нидерландыдан 2 жолбарыс жеткен
2025 жылы Қазақстанда жолбарыстар саны көбейеді. Еліміз көрші Ресейден тағы төрт жолбарыс әкелуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев биыл Тұран жолбарысын тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша үлкен жоба басталғанын атап өтті.
Жолбарыстарды тарихи мекеніне қайта жерсіндіру жөніндегі бағдарламаны іске асыру аясында Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерваты (2018/415 мың га) құрылған. Жолбарыстың табиғи азық қорын қайта қалпына келтіру үшін 2018-2024 жылдар аралығында резерват аумағына 205 бас тоғай бұғысы әкелінген, 100-ден астам құланды қоныс аудару жұмыстары жүргізілді, еліктер мен қабандар популяциясы көбейтілді.
«Осы жылы күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді. 2025 жылы Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты алып келу күтілуде. Әкелінген жолбарыстардың тұқымдары Қазақстан аумағында 70 жылдан кейін қайта пайда болған алғашқы жабайы жолбарыстар болады деп үміттенеміз», - деді Нысанбаев Үкімет отырысында.
Министр құландар популяциясын қалпына келтіру жөніндегі бағдарлама аясында оларды «Іле-Балқаш» және «Алтын Дала» резерваттарына қоныс аудару жұмысы сәтті аяқталғанын айтты. Қазақстан аумағында толығымен жойылып кеткен құланның саны 1950-1960 жылдары Түркіменстаннан әкелінген 14 құланның негізінде бүгінгі күні 4493 басқа жеткен.