Мұнаймен байланысты емес: Қазақстан экономикасы 4,4%-ға өскен

Автор: Нұргүл Абай

Мұнай емес сектордың өсімі 5,1 пайызды құраған

Фото: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Биылғы он бір айдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы 4,4 пайызға өскен. Экономика өсімі толығымен мұнай емес сектордың дамуымен байланысты болған. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, осы жылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша экономика өсімі қаңтар-қазанмен салыстырғанда 0,3 проценттік тармаққа жеделдеп, 4,4%-ті құраған. Нақты сектордағы өсім 5%, көрсетілетін қызметтер саласындағы өндіріс 4,5%-ке артты.

«Биыл экономиканың өсімі толығымен мұнай емес сектордың дамуы есебінен қамтамасыз етіліп отыр. Мұнай емес сектордың өсімі шамамен 5,1%-ті құрады. Өсу серпіні ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, құрылыста, саудада және көлікте жақсарғаны байқалады. Салалар арасында ең жоғары өсімді ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласы көрсетті. Сауда 8,2%-ке, көлік қызметтері 8,1%-ке, өңдеу өнеркәсібі 5,3%-ке өсті», - деді Байбазаров Үкімет отырысында.

Жалпы ішкі өнім өсімінің 70%-тен астамын сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс салалары қамтамасыз еткен. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,1%-ке көбейді. Инвестиция шикізаттық емес салаларда жоғары болған.

Осы жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда айналымы 116,9 млрд долларды құрады. Экспорт 68,5 млрд доллар, оның ішінде өңделген тауарлар экспорты 23,3 млрд доллар болған. Ал тауар импорты 48,4 млрд долларды құрады. Оң сауда балансы 33,4%-ке өсіп, 20,1 млрд долларға дейін ұлғайған.

Өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып отыр. Өндіріс көлемі 5,3%-ке дейін жеделдеді. Өңдеу өнеркәсібіндегі өсім негізінен металлургия өндірісінің 7,2%-ке және машина жасаудың  6,9%-ке өсуі есебінен қамтамасыз етілген.

«Тау-кен өнеркәсібінде өндіріс көлемі 0,1%-ке дейін баяулаған.Бұл мұнай өндірудің 2%-ке және табиғи газ өндірудің 0,3%-ке қысқаруына байланысты», - дейді министр.

Байбазаров құрылыс саласы да жоғары өсім қарқынын көрсеткенін атап өтті. Биылғы қаңтар-қыркүйекте 16,3 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген, бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 8,3%-ке артық. Ең жоғары көрсеткіш Шымкент қаласында, сондай-ақ Павлодар, Түркістан, Ұлытау және Қызылорда облыстарында байқалады. Құрылыс жұмыстары Атырау және Маңғыстау облыстарында төмендеген.