Қазақстанда көлік жүргізушілері тек бір ғана құжатпен жүре алады
Ішкі істер министрлігі жаңа норма енгізбек
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұдан былай көлік жүргізушілері артық құжат тасып жүрмейтінін айтты.
«Біз автокөлік жүргізушісі үшін барлық құжаттарды өзімен бірге алып жүрудің қажеті жоқ деген норманы енгізгіміз келеді. Жеке куәлігі болса, жеткілікті, жүргізушіге қатысты қалған деректерді планшет арқылы біліп аламыз. Яғни, қандай көлігі барын, сақтандыру полисінің аяқталу мерзімін, қанша рет сенімхат жазып берілгенін, техникалық тексеруден қашан өткенін, қанша айыппұлы барын, бәрін көрсетеді. Сол үшін жеке куәлігі болса жеткілікті, артық құжат тасып жүрудің қажеті жоқ», - деді министр Мәжілістің жалпы отырысында.
Министрдің айтуынша, полицейлер пайдаланатын планшет көшеде тұрған бейнекамералармен интеграцияланатын болады.
«Егер байқап қарасаңыз, нөмір белгісінсіз жүрген автокөліктер жоқтың қасы. Қажеттілік туған жағдайда, бақылау камерасы кезекшіге белгі беріп, арнайы патруль қызметі көлікті тоқтатады. Нөмірді бүркемелей алмайды. ІІМ базасында бәрі тіркелген, егер автокөліктің түсі, нөмірі сәйкес келмесе, онда екінші рет белгі беріледі. Осылайша, көлік ұрлығының санын барынша азайтып жатырмыз», - деп түсіндірді министр.
Мұндай жүйе Еуропаның бірнеше елінде ғана енгізілген екен.
«Құжатқа қатысты норма тек Қазақстан аумағында ғана қолданылады. Егер басқа елдің территориясына өтсеңіз, тиісті құжаттарды өзіңізбен алып жүргеніңіз дұрыс», - деп толықтырды Ерлан Тұрғымбаев.