«Мән бермеппін»: министр журналистердің ескертуінен кейін отандық автокөлікке мінетін болды
Министр қызметтік көлігін ауыстырады
Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев қызметтік автокөлігін отандық машинаға ауыстыруға уәде берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Үкіметте өткен брифингте БАҚ өкілі Шарлапаевтан қандай көлікпен жүретінін сұрады.
«Менен бұл жайлы бірнеше рет сұраған, тағы да жауап берейін, мен орталық мемлекеттік орган ұсынған көлікпен жүремін. Бізде барлық автокөлікпен Президенттің іс басқармасы айналысады, олардың гаражынан маған Kia маркалы машина берілді. Оны қай ел құрастырғанын білмеймін. Өйткені мен оны таңдаған жоқпын, бұл көліктерді біз таңдамаймыз», - деп жауап берді министр.
Осы кезде сұрақ қойып тұрған журналист шенеунікке өнеркәсіп министрі ретінде отандық автокөлікке бірінші болып отырып, басқаларға үлгі көрсетуге кеңес берді.
«Қанат Бисембайұлы, сіз өнеркәсіп және құрылыс министрісіз. Мемлекеттік шенеунік ретінде отандық өндірісті дәріптеуге міндеттісіз. Министр қызметіне былтыр қыркүйекте тағайындалсаңыз да, қазақстандық автомобильді әлі бірде бір рет көрсеткен жоқсыз. Бізде қазақстандық өндіріс бар екенін халыққа паш етіп, үлгі көрсеткен жоқсыз. Сіз экономикалық патриотизм жайлы айтып кеттіңіз, неге сізге Қостанайда құрастырылатын автокөлікке мініп, міне «Қазақстанда жасалған», сатып алыңдар, мақтаныңдар» деп, басқаларға үлгі болмасқа?», - деп сұрады БАҚ өкілі.
Шарлапаев журналистің орынды ескертуімен келісті.
«Шынымен де, сіз дұрыс айтасыз. Қазақстанда құрастырылған автокөлікке көшуіміз керек. Мен онда көлігімді ауыстырсын деп өтініш жасайын. Бір кездері мен қазақстандық өндірістен шыққан Elantra-мен жүрген едім, жұмысымды ауыстырғаннан кейін көлігіме мән бермеппін. Ендеше қазақстандық көлікке қайта отырамын, бұдан ешқандай проблема көріп тұрған жоқпын», - деді ол.