Өнеркәсіп министрі үйіне неліктен отандық техникалар сатып алмағанын түсіндірді

Автор: Нұргүл Абай

Әзірге қажеттілік болмады, деп ақталды Шарлапаев

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев неге үйіне отандық тұрмыстық техникаларды сатып алмағанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бүгін үкімет отырысында министр отандық өндірушілер асүй плиталарын, шағын пештер, кір жуғыш машиналар, теледидар, су жылытқыштар мен шаңсорғыштар шығаратынын мәлімдеген еді. Отырыстан кейін өткен баспасөз мәслихатында журналистер министрден қандай отандық техника сатып алғанын сұрады.

«Мен өзіме техника (отандық – ред.) сатып алғаным жоқ, себебі қажеттілік болмады. Қажет болған кезде міндетті түрде сатып аламын. Бірақ өзім осы техникаға сенетіндіктен, туыстарыма сыйлыққа алдым», - деді Шарлапаев.

Министр туысына электрлі пеш сатып алған.

«Отандық техниканы сатып алғым келмейді деген сөз емес. Жай ғана үйімде әзірге ештеңе бұзылған жоқ, бәрі жұмыс істеп тұр. Сол себепті әлі отандық өнімді алған жоқпын», - деді ол.

Бұған дейін премьер-министр Олжас Бектенов экономикалық патриотизм басты қағидатқа айналуға тиіс екенін атап өткен. Үкімет басшысы қазақстандық өнімдерді сатып алып, сыртқы нарықтарда белсенді түрде дәріптеуге шақырды.