Премьер-министр экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру бойынша жоспар әзірленгенін айтты
Коронавирус пандемиясы салдарынан Қазақстан экономикасының салалары құлдырап, ішкі жалпы өнімнің төмендеуіне алып келді. Бұл туралы Үкімет отысында Премьер-министр Асқар Мамин айтты.
«Төрт айдың қорытындысы бойынша экономика 0,2%-ға төмендеді. Оған бүкіл әлемдегі карантиндік шектеулер мен төтенше жағдай режимінің енгізілуі себеп болды. Әсіресе, соңғы карантин енгізілген екі айда қызмет көрсету саласындағы белсенділік төмендеді. Мәселен, сауда мен көлік салалары бойынша сәуірдегі көрсеткіш наурыз айымен салыстырғанда 30%-ға төмен», - деді Асқар Мамин.
Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовтің айтуынша, көлік қызметтері 11%-ға, сауда 8,9%-ға, әкімшілік қызмет көрсету 4%-ға және жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар 2,7%-ға төмендеген. Жылдық инфляция 6,8%-ды құрады.
Үкімет басшысы Асқар Мамин экономиканы қалпына келтіру үшін бизнеске бірнеше бағытта қолдау көрсетілетінін айтады.
«Экономика салаларының қалпына келтіруді бастау керек. Эпидемиялық шараларды ескеріп, қызмет көрсету саласы жандану қажет. Оған мемлекет тарапынан жасалаын қолдау шаралары әсерін тигізеді. Оның ішінде салықты ынталандыру, жеңілдетілген несие, отандық тауарды өткізуге кепілдік беру, механизм арқылы ішкі өндірісті қолдау жұмыстары бар. «Атамекен» кәсіпкелер палатасымен және бизнес қауымдастықтармен бірлесіп, іскерлік белсенділікті ынталандыру, жұмыспен қамту және халықтың табысын қолдау бойынша шаралар талқыланды», - деді ол.
Премьер-министр экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру бойынша жоспар әзірленгенін айтты.
«Осы жылдың соңына дейін экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар әзірленді. Ол Үкіметтің келесі отырысында қаралады. Әкімдіктер қызмет көрсету секторын қалпына келтіру бойынша нақты шаралар қабылдауы қажет. Жалпы, алдағы кезеңдегі басты міндет - экономиканың өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыруға, бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға, тиімді инвестициялар мен қосылған құнның өңірлік тізбегіне негізделген экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру», - деді Үкімет басшысы.
Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан