Үкімет басшысы өңір әкімдігі мен кәсіпорын басшылығына жоспарланған жұмыстардың мерзімінде орындалуын тапсырды
Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Премьер-Министрі Олжас Бектенов Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты, «Каспий» су тұщыту зауыты және «ҚазАзот» кәсіпорнына барып, инфрақұрылымдық проблемаларды шешу және экономикаға жеке инвестиция тарту мәселелерімен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында тиісті тапсырмалар берген болатын.
Ақтауда Премьер-Министр «қауіпті қызыл аймақтағы» 19 энергия көзінің тізіміне енген МАЭК-тегі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Мемлекет басшысы оларды жаңғыртуды басым тәртіппен аяқтауды тапсырды.
Өнеркәсіп пен өңір халқының электр және жылу энергиясына қажеттілігін қамтамасыз ететін МАЭК-тегі энергетикалық жабдықтардың тозуы 79%-ды құрайды. Өткен жылы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін Үкімет резервінен 4,9 млрд теңге бөлінді. Биыл республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бағытталды. МАЭК құрамына 3 электр стансасы, дистиллят және өнеркәсіптік жылумен жабдықтау зауыты, жөндеу зауыты, цехтар және реактор қондырғысы кіреді. Кәсіпорында 3,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді.
«МАЭК» ЖШС бас директоры К. Орақов биылғы қыркүйек айының соңына дейін екі қазандық пен бір турбинаны күрделі жөндеудің аяқталғаны туралы баяндады. Сонымен қатар МАЭК-тің қазіргі қуаты 500 Гкал болғанда, Маңғыстау облысында жылу тапшылығы 245 Гкал-ды құрайды.
Олжас Бектенов өңір әкімдігі мен кәсіпорын басшылығына жоспарланған жұмыстардың мерзімінде орындалуын, кәсіпорынның, инженерлік инфрақұрылымның, жалпы өңірдегі ТКШ нысандарының алдағы жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар облыстың өнеркәсіптік дамуы мен келешегі бар өндірістерді іске қосу қосымша энергия қуатын қажет ететіні атап өтілді.
«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында елдің сенімді әрі экологиялық таза энергия көздеріне деген қажеттілігін атап өтті. Қазақстандықтарды тұрақты энергиямен қамтамасыз ету – Үкімет жұмысындағы басым бағыт. Кәсіпорындардағы технологиялық ақаулар халыққа әсер етпеуі керек. Сондықтан тозығы жеткен нысандарды жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен қатар жылу және электр энергиясының тұрақты баламалы көздерін дамытуымыз қажет. Экономикамыздың жай-күйі ғана емес, ең алдымен адамдардың өмір сүру сапасы да соған байланысты», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
6 қазанда Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесі бойынша республикалық референдум өтеді. Халық қолдаса, атом энергетикасын дамыту елімізді сенімді энергиямен қамтамасыз етіп, еншілес салаларды дамыту мен өнімді жұмыспен қамтуға қосымша мүмкіндіктер жасайды.