Жалпыұлттық жоспар үкімет отырысында қаралды
Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс шаралар жоспарының жобасы Үкімет отырысында қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Құжатты Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров ұсынды. Жоспар экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз етуге және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған 76 іс-шарадан тұрады.
Онда мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында білім беру, денсаулық сақтау және спорттың қолжетімділігі мен сапасын арттыру, оның ішінде қаржыландыру реформасы мәселелері жөніндегі шаралар көзделген. Аталған мақсаттарда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігін, «әлеуметтік әмиян» құралын пайдалану, білім беру гранттарын саралау және басқа да тетіктерді қолдану қарастырылған. «Ақша баланың соңынан жүреді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыс шеңберінде мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды қаржыландырудың сараланған тәсілі моделіне ерекше назар аударылды.
«Алдағы 3 жыл ішінде еліміз бойынша 1 300 мектепті қайта жаңарту жоспарлануда, оның ішінде демеушілік қаражатта бар. Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектептер үшін жеке басқару жүйесі көзделеді. Денсаулық сақтау саласының негізгі міндеттерінің бірі – базалық мемлекеттік медициналық көмектің, оның ішінде міндетті медициналық сақтандыру есебінен Бірыңғай пакетін қалыптастыру. Медициналық деректерді бақылау және объективтілік мақсатында бірыңғай мемлекеттік ақпараттық жүйе іске қосылады», - деп атап өтті Байбазаров.
Келесі жылы жұмысшы мамандықтары жылын өткізу бойынша жекелеген іс-шаралар көзделген.
Өнеркәсіп саласында отандық шикізат пен компоненттерді барынша пайдалану, жүйе құраушы кәсіпорындардың айналасында ілеспе өндірістер құруға қатысты ірі жобалар жүзеге асырылады. АӨК желісі және «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру бойынша жекелеген шаралар қабылданады.
Сондай-ақ жоспарға энергетика және коммуналдық шаруашылықтағы инфрақұрылым мәселелерін шешу, теміржол жүк тасымалының реттелетін тарифтерін алдағы 3 жылда рентабельділік деңгейіне дейін бекіту, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ЖИ енгізу және Жолдаудың басқа да бағыттары қамтылған.
Премьер-Министр Олжас Бектенов ұсынылған Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының жобасы мемлекет басшысы қойған міндеттерді сапалы әрі жедел шешуге бағытталғанын баса айтты.
«Басты міндет – Жоспардың іс-шараларын тиімді және уақтылы орындау. Үкімет пен әкімдіктер экономиканың орнықты өсуін қамтамасыз ету және азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында белсенді шаралар қабылдайды. Жоспарда көрсетілген заң жобаларын уақтылы әзірлеу қажет. Оған сарапшыларды тарта отырып, терең талдау және талқылау жүргізу керек», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы қаржыландыру мәселелерін жете пысықтауды тапсырды. Артық шығындардан бас тартып, бюджет қаражатын бірінші кезектегі және стратегиялық мақсаттарға ғана бағыттау керек.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша дауыс беріліп, нәтижесінде Жалпыұлттық жоспар жобасы бірауыздан қолдау тапты. Ұлттық экономика министрлігіне Үкімет Аппаратымен бірлесіп, Мемлекет басшысының тиісті Жарлығының жобасын Президент Әкімшілігіне енгізу тапсырылды.
Премьер-Министрдің орынбасарларына жоспар бойынша бекітілген тармақтардың іске асырылуын бақылау және үйлестіру тапсырылды.
Еске сала кетсек, 2 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.