Үкіметте маңызды шенеуніктің креслосы 1,5 жылдан бері бос тұр
Осы уақыт аралығында ветеринарлық бақылау комитетін басқаратын адам табылмаған
Бүгін парламент мәжілісінің жалпы отырысында депутат, «AMANAT» фракциясының мүшесі Болатбек Нәжметдинұлы премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің атына депутаттық сауал жолдай отырып, ветеринарлық бақылау комитетіндегі проблемаларды айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Депутаттың мәліметіне сүйенсек, елдің ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы үшін маңызды саланың басшысыз отырғаны үлкен салдарларға әкеп соғып жаптыр.
«Халыққа арнаған жолдауында мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту әлі де өзекті мәселе екенін атап өтті. Өйткені бұл сала елдің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Президенттің неге алаңдап отырғанын жақсы түсінемін. Менің депутаттық сауалым ауыл шаруашылығы министрлігіндегі негізгі қызмет – ветеринарлық бақылау Комитетіндегі жағдайға байланысты. Дәрігер адамды емдейді, ветеринар адамзатты емдейді деп бекер айтпаған ғой. Міне, осындай маңызды сала бола тұра бұл ведомствоның басшысы лауазымы бір жарым жылдан бері бос тұр! Менің ойымша, бұл мүлде ойға қонымсыз дүние», - деді депутат сауалында.
Болатбек Нәжметдинұлы ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты басқа комитеттердегі басшының біліксіз болуы да ел қазынасына салмақ салған.
«Нақты мысал келтірейін – шегірткеге қарсы күреске дайындық науқаны өте нашар болды. Өйткені, биыл шегіртке қаптаған алқап 1 млн гектарға көбейіп, 2,5 млн гектарға жетті. Ал, оның алдын алуға бағытталған жұмыс нәтижесіз болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткеге қарсы күрес үшін 4,2 млрд теңге, кейін үкімет резервтен тағы 4 млрд теңге бөлді. Қаржыландыруды неге екі есеге көбейтуге тура келді? Бұл үшін кім жауапты болады?», - деді сауал қойған депутат.
Яғни, Нәжметдинұлының айтуынша, Ауыл шаруашылығындағы тағы біп маңызды бағыт – мемлекеттік инспекция Комитетінің басшысы лауазымына «ҚазАгроның» қаржыгері тағайындалған.
«Бұл адам қаржыгер болған соң шегірткенің не екенін, оны қайтып жою керек екенін білмеген шығар», - деді мысқылдаған депутат.
Сондықтан, оның айтуынша, бір жарым жылдан бері басшысыз жұмыс істеп жатқан ветеринарлық бақылау комитетіне өз ісін білетін маманды тағайындау керек.
«Менің білуімше, осы аралықта бірнеше адам өз кандидатурасын ұсынған. Бірақ, келіспеген болу керек, жұмысқа тұра алмады. Бұл сонда елімізде осы салаға жауап бере алатын нағыз маман жоқ деген сөз бе? Әлде мәселе кадрлық резервтен іріктеп, келісуде ме?», - дейді ол.
Сауалын аяқтаған Болатбек Нәжметдинұлы Серік Жұманғаринге комитет төрағасы қызметіне жауапты маманды тағайындап, жалпы, комитет төрағасы деген орынға іріктеу жүргізу процессін жеңілдетуді сұраған.