Несие әлі де ойдағыдай берілмей жатыр – президент

Автор: Молдатай Сымбат

Тоқаев банктер туралы жаңа заң қажеттігін айтты

Фото: Ақорда

Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жолдауында ақша-несие саясатына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бірінші. Ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет. Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет», - деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Президент банктер туралы жаңа заң қажеттігін айтып, Үкімет пен Ұлттық Банкке нақты шаралар қабылдауды тапсырды.