Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындыққа 30,2 млрд теңге бөлінді

Молдатай Сымбат

Жезқазған ЖЭО-ның 65%-ы, Сәтбаевтағы қазандықтар 85%-ға тозған 

Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындыққа 30,2 млрд теңге бөлінді
Фото: primeminister.kz

Олжас Бектенов Ұлытау облысындағы жылыту маусымына дайындық қарқынын тексерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет басшысы Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық су көзі болып саналатын №1 және №2 жылу стансаларын аралады. Қазіргі уақытта №1 жылу стансасында күрделі жөндеу және 4 қазандыққа, сондай-ақ газ құбырларына жөндеу жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар, Жезқазған ЖЭО-да да жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 13,5 млрд теңге бөлінді.

Олжас Бектенов өңір басшылығына, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясына жұмыс қарқынын арттыруды, алдағы қысқа дайындықты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.

«Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, сондай-ақ жалпы өңірдегі жағдайға әсер етеді. “Қазақмыс” корпорациясы Жезқазған ЖЭО бойынша, сондай-ақ Сәтбаев қаласының №1 және №2 жылу стансалары бойынша барлық міндеттемелерін орындауы тиіс. Бұл жерде әкімдік пен Корпорация арасында үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Барлығы уақытылы жасалуы керек», - деп тапсырды премьер-министр.

Қазіргі уақытта Жезқазған ЖЭО-ның тозуы шамамен 65%-ды құрайды, Сәтбаевтағы қазандықтар 85%-ға тозған. Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындыққа 30,2 млрд теңге бөлінді. 10 қазандық дайындалды, 478 шақырым электр беру желілері, 29,8 км су құбырының 22,6 шақырымы жөнделді және 46,4 км газ құбыры салынды.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.