Ұлытау облысының кеншілері марапатталды (ФОТО)

Автор: Молдатай Сымбат

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының атынан кеншілерге марапатты табыс етті

Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары барысында Жыланды кенішінде болып, сала қызметкерлерін келе жатқан кәсіби мерекелері – Шахтер күнімен құттықтады, оларға Президент атынан мемлекеттік марапаттарды табыс етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Құрмет» орденімен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалының ардагерлер кеңесінің төрағасы Дәулет Айқымбаев марапатталды.

ІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені тау-кен жұмысшысы Әлиасқар Аймановқа, ІІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені учаске шеберлері Қанат Исабек пен Бауыржан Қопабаевқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі – бұрғылаушының көмекшісі Данияр Аккикеловке, оператор Раушан Қалмырзинаға, үңгілеуші Бекмұхан Қалдаровқа, учаске бастығының орынбасары Ақбейсен Қайырбековке, бұрғылаушы Кентай Оразбековке, машинист Бейсен Әбілмажинге, жетекші механик Борис Поликарповқа және Жезқазған байыту фабрикаларының өндіріс директоры Арыстанбек Әбдіқайыровқа табысталды.

Сонымен қатар, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің баяндамасын тыңдады. Биылғы 6 айда корпорация Ұлытау облысындағы жеткізушілерден 92,7 млрд теңгеге тауарлар, жұмыстар мен қызметтер сатып алды. «Қазақмыс» ішкі құндылығының жалпы үлесі биыл 71,7%-ды құрады.

Облыс өнеркәсіптің өткен жылғы көрсеткіштерімен салыстырғанда 7% өсіммен елімізде 4-орында тұр. Премьер-министр қарқынды төмендетпеуді тапсырды және одан әрі өсу үшін қолда бар резервтерге назар аударды.

«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің тау-кен металлургия кешенін дамытудың маңызды екенін баса айтты. Жекеменшік кәсіпорындарды геологиялық барлауға инвестиция салуға ынталандыру – басым міндеттер қатарында. Өңдеу өнеркәсіптерін шикізатпен қамтамасыз ету көлемін ұлғайту үшін барлық күш-жігерді жұмсауымыз қажет. Біздің алдымызда жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды арттыру және экспортты дамыту арқылы өндірістің бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр. Саланы одан әрі дамыту біздің өндірушілердің жаһандық трендтер ұсынып отырған технологиялық өзгерістерге тез бейімделе алуы мен мүмкіндікті барынша пайдалана алуына тікелей байланысты», - деген Олжас Бектенов бұл бағытта мемлекеттік органдар мен бизнес үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін баса айтты.