Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі пайда болады

Реестрде отандық өндірушілер шығаратын өнімдер туралы ақпарат қамтылады

Қазақстанда отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі пайда болады
Фото: gov.kz

Қазақстанда жыл соңына дейін отандық тауар өндірушілердің бірыңғай реестрі пайда болады. Бұл туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, қазір отандық өндірушілердің бірыңғай реестрін жинақтау бойынша тиісті жұмыс атқарылып жатыр.

«Реестрде отандық тауар өндірушілер туралы ақпарат, оның ішінде шығарылатын өнім және оның көлемі, көрсетілетін қызмет түрлері және қызметкерлер саны туралы толық мәлімет қамтылатын болады. Реестрге енгізілген субъектілер мемлекеттік қолдау шараларына, сонымен қатар, мемлекеттік, квазимемлекеттік және жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың сатып алуларына қатыса алады», - деді Шарлапаев үкімет отырысында.

Реестрге енетін өндірушілерге локализациялауды арттыру шарты қойылады.

Министр реестрді іске қосу бойынша жұмыстарды осы жылдың соңына дейін толық аяқтау көзделіп отырғанын атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.