Премьер-министр Энергетика министрлігі мен облыс әкімдігіне мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды
Олжас Бектенов Риддер ЖЭО-сын реконструкциялау және көпсалалы аурухана құрылысының барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазандық цехын тексеру кезінде №4 және 5 қазандықтардағы апаттан кейін орта қысымды қазандық агрегаттарының ТП БАЖ жаңғыртылуы және стансаны қалпына келтіру туралы есеп берілді.
«1956 жылы пайдалануға берілген ЖЭО бүгінде 50 мыңға жуық тұрғынды жылумен қамтамасыз етіп отыр. Жабдықтың 57,7%-ы тозған. Риддер ЖЭО «қызыл аймаққа» жататын 19 жылу көзінің тізіміне енген. Мемлекет басшысы биылғы ақпанда өткен кеңейтілген отырыста Үкімет алдына осындай нысандарды шұғыл жаңғырту жұмыстарын биыл аяқтау міндетін қойған болатын.
Риддер ЖЭО-да жылыту маусымының басына қарай 2 қазандық агрегатын іске қосу жоспарлануда, қалғандары температура кестесіне сәйкес суық түсуіне қарай пайдалануға беріледі. Жұмыс аяқталғаннан кейін жылу көзінің тозуы 40%-ға дейін төмендейді», - деп есеп берілді.
2024 жылы энергетика инфрақұрылымын реконструкциялауға 8,5 млрд теңге: атап айтқанда, Үкімет қаулысымен резервтен шамамен 7,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 1,1 млрд теңге бөлінді. Қазандық агрегаттарын жөндеуге 5,5 млрд теңге, тарату құрылғысын (АТҚ) реконструкциялауға 280 млн-нан астам, 19 км жылу желілерін жаңғыртуға тағы 2,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Жылу желілерін жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Жөндеу жұмыстары тамыз айының соңына дейін аяқталады.
Жалпы ұзындығы 19 шақырым болатын 55 учаскеге 127 адам мен 20 техника жұмылдырылған. Бүгінгі таңда өңірдің энергетикалық инфрақұрылымының тозуы 78,5%-ға жетеді. Осы көрсеткіш бойынша Риддер де «қызыл аймақта» орналасқан. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін тозу деңгейі 24,1%-ға төмендейді деп күтілуде.
«Бұл – халықтың тұрмыс-тіршілігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі. Сондықтан бұл жерде қатаң мемлекеттік бақылау – талап пен қадағалау қажет. Мемлекет осында және жалпы алғанда еліміздегі инфрақұрылымды жаңғыртуға өз тарапынан қомақты қаражат салуда. Жұмыс қарқынын арттыра түсу керек. Суық түскенде үйлердің жылусыз қалуына немесе оның жеткіліксіз берілуіне жол бермеу керек. Сапаны сақтай отырып, бекітілген кестеден қалып қоймай, алдын ала шаралар қабылдау маңызды. Алдағы жылыту маусымы жүргізілген жаңғырту жұмыстарының сапасы мен тиімділігінің көрсеткіші болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-Министр Энергетика министрлігіне облыс әкімдігімен бірлесіп, аталған мәселені ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.