«Асфальт қолмен үгітіліп жатыр»: Қарабаев Бектеновтың сынына жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Үгітілген асфальт қазір қалпына келген 

Фото: Azattyq Ruhy

Үкіметте өткен баспасөз конференциясында Көлік министрі Марат Қарабаев премьер-министр Олжас Бектенов сынаған Ақтөбе облысындағы жолдардың жағдайын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл Ақтөбе облысындағы жергілікті жолдар. Жергілікті жолдарға ешқандай ақы енгізілмеген. Ол жолдармен жүру – ақысыз. Екіншіден, ол учаскелер сол жақтағы мердігер компаниялардың есебінен қайта қалпына келді. Яғни, кепілдік бар. Соның аясында қайта қалпына келді», - дейді ол.

Үкімет отырысында Олжас Бектенов жолдардың жағдайына қатысты айтылып жатқан арыз-шағымдар азаймай отырғанын айтқан еді.

«Олардың негізгі бөлігі жергілікті жолдарға қатысты. Мұндай мысалдар көп. Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданының тұрғындары Жұрын мен Қаракөл ауылдарының арасында биыл төселген асфальттың сапасын көрсетті – жаңадан төселген асфальт қолмен үгітіліп жатыр. Ал Жетісу облысы Кербұлақ ауданы Қоянкөз ауылының тұрғындары асфальт төсеу технологиясын сақтамаған мердігер компанияны өз жұмысын тоқтатуға мәжбүр етті. Ал әкімдіктер қайда, неліктен күнделікті сапалы бақылау жүргізілмей жатыр?» – деген еді Бектенов.