Министр кей түлектерді әскерден босатуды ұсынды

Автор: Azattyq Rýhy

Себебі елде маман жетпей жатыр  

Фото: istockphoto.com

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жоғары оқу орындарының кейбір түлектерін әскери қызметтен босатуды ұсынды. Ведомство басшысы бүгін Үкімет отырысы кезінде осындай ұсыныспен сөз сөйледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Отырыста министрлік басшысы жастарды жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

«Бүгінгі таңда техникалық мамандықтар бойынша мамандардың тапшылығын ескере отырып, аталған мамандықтар бойынша оқу орындарын бітірген адамдарды әскери борышын орындаудан босату туралы мәселені қарастыруды және колледждерде сержанттар құрамын даярлауға және әскери даярлықтан өтуге бағытталған әскери кафедралар ашуды ұсынамын», – деді Жақыпова.

Министр айтқан техникалық мамандықтар тізімінде техник-құрылысшы, кенші-металлург, мұнайшы, энергетик, құрылысшы, автомеханик, инженер және басқалар болды.