Қазақстанда су тасқынынан 109 жол, 48 әлеуметтік нысан бүлінген– Бозымбаев

Автор: Azattyq Rýhy

Вице-премьер олардың шығыны неше теңге екенін айтты

Фото: ҚР ТЖМ / видеодан скриншот

Қазақстанда көктемгі су тасқыны кезінде 109 жол учаскесі мен 48 әлеуметтік нысан зардап шеккен. Жалпы, су тасқыны кезінде бүлінген инфрақұрылымды нысандардың шығыны 53 млрд теңгеге жеткен, деп хабарлайды Аzattyq rýhy.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бұл тізім әлі толығатынын айтты.

«Алдын-ала болжам бойынша, елімізде су тасқынынан жалпы сомасы 53 млрд теңге болатын инфрақұрылымына зардап тиген нысандар бар. Бұл алдын ала есеп. Өйткені, кейбір нысандар бойынша әлі мемлекеттік сараптама дайын емес», - деді Бозымбаев.

Оның сөзіне сенсек, ол нысандардың арасында жол мен мектеп, емхана сияқты әлеуметтік нысандар бар.

«Соның ішінде, жалпы сомасы 39,6 млрд теңге сомадағы 109 жол учаскесі, 11,7 млрд теңге болатын 48 әлеуметтік нысан және сомасы 1,5 млрд теңге болатын электр желілері су тасқынынан зардап шекті», - деді Бозымбаев.