Алдымен журналистерге дөрекі сөйлеп, артынша кешірім сұрады
Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мәжіліс кулуарында журналистердің сұрағына жауап беріп тұрып, жөнсіз айтылған сөзі үшін сын естіді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналистер «киіктен келген шығынды есептеп бітпей жатқан уақытта шегірткеден келетін шығынды қалай есептейсіздер?» деген сауал қойды.
«Киіктер мен шегірткелерді салыстырмай-ақ қояйықшы. Екеуі екі басқа. Шегірткеден әлі шығын келген жоқ. Егер шығын келсе... Алло... Рұқсат па?» – деді министр.
Осы кезде журналистің бірі «неліктен сіз өзіңізді бұлай ұстайсыз?» деп ескерту жасады.
«Жоқ, жоқ, мен өз адамдарыма айтып жатырмын ғой. Сізге емес», - деп ақталды министр.
Алайда, журналист «өз қызметкерлеріңізге айтылса да, бұл дұрыс па?» деп шүйілді.
«Кешіріңіз», - деді министр.
Айта кетерлігі, шегіртке былтыр 1,5 млн га жерге таралса, биыл 2,5 млн га аумаққа көбейіп кетті. Бекітілген бюджет бойынша 4,2 млрд теңге, одан кейін тағы 3,9 млрд теңге бөлінген. Министр қаражат пен препарат жеткілікті деді.