2030 жылға дейін теміржол, су, автомобиль және азаматтық авиация салаларына 8,8 мыңға жуық маман қажет болады

Azattyq Rýhy

Қазір кадрлар 49 жоғары оқу орындарында және 280-ден астам колледждерде даярлануда

2030 жылға дейін теміржол, су, автомобиль және азаматтық авиация салаларына 8,8 мыңға жуық маман қажет болады
Фото: Үкімет

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Ұлттық кәсіптік біліктілік кеңесінің кезекті отырысы өтті. Оның шеңберінде салалық біліктілік жүйелерін дамыту, кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жөніндегі шаралар мен жоспарлар қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Үкіметке сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта орталық мемлекеттік органдар жанынан салалық кеңестер құрылып, оған сарапшылар, оқу орындарының өкілдері мен жұмыс берушілер тартылды. Олардың әзірлеген кәсіби стандарттары негізінде жоғары оқу орындары мен колледждердегі білім беру бағдарламалары түзетіледі. Бұл ретте түлектердің құзыреттерін тәуелсіз сертификаттау орталықтары бағалайды. Осылайша, еңбек нарығының сұранысына сәйкес келетін сапалы кадр даярлау процесі жетілдірілуде.

Отырыс барысында көлік және қаржы министрліктерінің осы бағытта атқарып жатқан жұмыстары қаралды.

«Көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиев ведомство жанынан 6 салалық кеңес жұмыс істейтінін хабарлады. Олар теміржол, су, автомобиль көлігі және жолдар, сондай-ақ азаматтық авиация салаларын қамтиды. Кеңес қазірдің өзінде 711 кәсіпті қамтитын 101 кәсіби стандартты әзірлеген. Биыл тағы жаңадан 19-ын әзірлеп, 31-ін өзектендіру жоспарлануда», - делінген Үкіметтің хабарламасында.

Көлік министрлігінің болжамына сәйкес, 2030 жылға дейін аталған салаларға 8,8 мыңға жуық маман қажет болады. Қазір кадрлар 49 жоғары оқу орындарында және 280-ден астам колледждерде даярлануда. Вице-министр оқу орындарының саны көп көрінгенімен, кейбір мамандықтар бойынша мысалы, көпірлер мен теміржолдар құрлысы бойынша оқитын студенттер аз екенін атап өтті. Сондықтан Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп гранттарды қайта бөлу мәселесі қаралуда.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.