Көктемгі дала жұмыстарына бюджеттен қосымша 100 млрд теңге бөлінген
Еліміздің 7 өңірінде егіс науқаны басталды. Карантин кезінде егіс жұмыстарын жүргізу үшін шаруаларға мемлекет бірқатар жеңілдіктер қарастыруда. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
«Өңірлер арзандатылған жанар-жағармаймен, тұқымдармен және тыңайтқыштармен қамтамасыз етілген. Техникалардың бәрі дайын. Ауыл шаруашылығы министрі шаруалардың бірыңғай жүріп-тұру алгоритмін әзірледі. Ол мемлекеттік комиссияның 17-ші сәуірдегі отырысында мақұлданып, әкімдерге жеткізілген. Фермерлер блок-бекеттерден еш кедергісіз өтіп жатыр. Елдегі Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша, көктемгі дала жұмыстарының жүргізілу маңыздылығы барлық жергілікті полиция құрылымдарына жеткізілген. Фермерлер блок-бекеттерден өте алмай жатқан жағдайда, жергілікті штаб арқылы бар мәселені шешуіне болады», - деді вице-министр.
Осылайша фермерлер блок-бекеттерден кедергісіз өтуде. Сондай-ақ қағаз жүзіндегі және электронды рұқсатпен де жүруге болады.
Сапаровтың мәліметінше, бүгінде егіс науқаны 7 өңірде жүргізіліп жатыр. Еліміздің оңтүстік аймақтарында егіс алқабы 16-дан 80 пайызға дейін қамтылған: Жамбыл облысында – 326 мың гектар, Алматы облысында – 239 мың гектар, Түркістан облысында - 230 мың гектар, Қызылордада – 29 мың гектар. Сондай-ақ Батыс Қазақстан, Павлодар, Атырау облыстарында да егін егу науқаны басталып жатыр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, көктемгі егістік бағыттарына қосымша 100 млрд теңге бөлінді. Вице-министр биыл шаруаларды қолдау бойынша бірқатар жеңілдіктер болатынын түсіндірді.
«Көктемші дала жұмыстарын қаржыландыруға арналған бюджет қаражатының көлемі 10 млрд теңгеге ұлғайды. Былтыр 60 млрд, биыл 70 млрд теңге. Берілетін несиенің де пайыздық мөлшері 7%-дан 5%-ға төмендетілді. Бір шаруаға арналған орташа чек - 30 миллион теңгені құрайды. Шаруалар ұсынатын құжаттар тізбесі қысқартылды. Заңды тұлғалар үшін 27%-дан 13% дейін қысартылды. Шаруа қожалықтар мен кәсіпкерлер үшін 16%-дан 12% дейін қысқартылды. Екіншіден, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша көктемгі егіс дала жұмыстарын жүргізуге 100 млрд теңге бөлінген. Несие алғандар үшін жылдық сыйақы мөлшерлемесі 6%-дан аспайды. Қаражат 12 ай кезеңіне беріледі. Мысалы, шаруа несиені сәуір айында алса, оны қайтару мерзімі келер жылдың сәуір айына дейін. Бұрын несиені жыл соңында, яғни желтоқсан айында қайтару міндеттелетін. Бағдарлама қаражатын Аграрлық несие корпорациясы және несие серіктестері арқылы, оның ішінде банктің кепілдігіне алуға болады», - деп хабарлады Айдарбек Сапаров.
Айта кетейік, шаруалардың өнімін алу үшін «Форвардтық сатып алу механизмі» мақұлданып, ол үшін бюджеттен 24,5 млрд теңге бөлінген. Қаржыландыру алдын-ала төлем арқылы жүзеге асатын болады. Мысалы, 1 тонна бидайға алдын ала 50 мың теңге төлем жасалады. Күзде нарыққа байланысты сол бағамен қосымша төлем есептелетін болады.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан