«Қазақстан жемқорлығына қойылған ескерткіш»: министр LRT құрылысын кім бақылайтынын айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Министр нысан құрылысы қалай бақыланатынын айтты

Фото: Астана әкімдігі

Мәжілістің жалпы отырысының кулуарында Көлік министрі Марат Қарабаев Астанадағы LRT құрлысы жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кулуарда журналистер Қытай мердігерлері жүзеге асырып жатқан LRT құрылысы кезінде екі мәрте кран құлағанын айтып, министрлік пен әкімдік құрылыс сапасын тексере ме екенін сұрады.

«Бақылау жүргізіледі. Біріншісі, авторлық реттеу. Екіншісі, техникалық бақылау. Үшіншіден, әкімдікте кез келген құрылысты тексеретін құзырет бар. Әр жағдай бойынша кемшіліктер табылса, ол бойынша жұмыс жүргізіледі», - деді ол.

Марат Қарабаевқа астаналықтардың «Астана LRT» құрылысындағы сұр бағаналарды «Қазақстан жемқорлығына қойылған ескерткіш» екенін айтып, қаланың сәнін бұзып тұрғаны жайлы пікірі жеткізілді.

«Жалпы жобаны Астана әкімдігі жүзеге асырып жатыр. Әкімдік дизайн бойынша  қоғамдық пікірді тыңдайды, жүзеге асырады. Астана әкімі халықпен кездесуді жиі өткізеді. Кез келген қала тұрғыны өзінің қалауын жеткізе алады», - деді министр.

Еске салсақ, 2011 жылы әкімдікке қарасты «Астана LRT» ЖШС құрылды. Бұл құрылым ЖРК-ны жобалау мен салуға жауапты болды. Құрылысқа бөлінген қаржы жымқырылып, нысан құрылысы бірнеше жылға тоқтап қалған еді.

 

Тегтер: