Ол әр министрлік өз құзыреті аясында қызмет ететінін жеткізді
Ауыл шаруашылығының вице-министрі Аманғали Бердалин Сенаттың жалпы отырысының кулуарында киіктердің жағдайына қатысты сұрақтарға жауап бере алмай, мүдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сенат кулуарында журналистер Бердалинге «киіктерге қатысты мәселені құзырлы органдар бірлесіп талқылады ма?» деген сұрақ қойды.
Бізде «Жол картасы» бар. Ол бойынша әрбір министрлік өз қызметін орындайды. Әр министрліктің өз міндеті бар», - дейді Бердалин.
Ол сондй-ақ ауыл шаруашылығы фермерлеріне киіктерден келген зардапқа қатысты да айтты.
Киіктерден келген зардап жайлы қандай тұлғалар айтып жүргенін білмеймін. Мен ресми тұлға, вице-министрмін. Сіздер айтып отырғандай, арнайы әдістемені біз әзірлеуге құзырымыз жетпейді. Бізде әдістеме жоқ. Біз заң бойынша өздігімізден әдістемені әзірлей алмаймыз. Министрлік киіктерден келген зардапты санамады. Біз білмейміз, - деді Аманғали Бердалин.