Су тасқыны: 4 мыңнан аса үй апатты деп танылса, 9 мыңына жөндеу қажет

Автор: Аубакирова Нургуль

Бозымбаевтың айтуынша, кейбір өңірлерде бағалау жұмыстарының қарқыны төмен

Фото: ҚР ТЖМ

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев көктемгі су тасқыны кезінде су басқан үйлердің жай-күйін бағалау жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта республика бойынша шамамен 12 155 үй, сондай-ақ 18 321 саяжай учаскесі зардап шекті, оның ішінде 5 353 саяжай үйі азаматтардың жалғыз баспанасы.

«28 мамырдағы мәліметке сәйкес, республика бойынша 15 093 үй мен саяжай үйлер техникалық тексеруден өткізілді –  бұл зардап шеккен үйлердің жалпы санының 84%. Бағалау жұмысынан тек 11 134 үй өтті – бұл 64%-ды құрап отыр. Осы орайда  жекелеген өңірлерде техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының қарқыны төмен екенін айта кету керек», деді Бозымбаев үкімет отырысында.

Мысалы, Батыс Қазақстан облысында су басқан 4 мың үйдің 54%-ы, атап айтқанда тек 2176 үй тексеріліп, 770 үйдің құнын бағалау жүргізілді. Ақтөбе облысында көрсеткіш 73%, яғни 3679 үй зерттеліп, 1673 үй бағаланды.

Осы орайда Бозымбаев Атырау, Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жұмысын атап өтті.

«Бұл өңірлерде зардап шеккен үйлерді тексеру және бағалау жұмыстары аяқталған деп есептеуге болады», деді вице-премьер.

Алдын ала жасалған қорытындыларға сәйкес, жалпы ел бойынша 9 мыңнан астам үй жөндеуден өтеді. 4 315 үй апатты деп танылды. Осыған байланысты өңірлерде 1847 үй мен пәтердің құрылысы басталған, бұрын пайдалануға берілген 3417 пәтер мен үйді сатып алу жоспарланып отыр.

Бозымбаев құрылыс маусымының қысқа болуына байланысты әкімдерге жұмыстарды кешіктірмеу қажет екенін ескертті.

«Жаңа оқу жылына дейін зардап шеккендер баспаналы болуы қажет. Жалпы, осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және ерекше бақылауда», - деп мәлімдеді үкімет басшысының орынбасары.