Аудиторлық палата «Жайлы мектеп» жобасынан заң бұзу фактілерін анықтады

Жобалау-сметалық құжаттама бекітілмесе де, кейбір мектептердің құрылысы басталып кеткен

Аудиторлық палата «Жайлы мектеп» жобасынан заң бұзу фактілерін анықтады
Фото: primeminister.kz

Жоғары аудиторлық палата «Жайлы мектеп» пилоттық жобасының жүзеге асырылуына аралық бағалау жүргізген. Аудит барысында бірқатар заң бұзу фактілері анықталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Палата мүшесі Нұрлан Нұржанов сенатта 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы үкіметтің есебіне Жоғары аудиторлық палата берген қорытындыны таныстырды. Оның айтуынша, палата «Жайлы мектеп» пилоттық жобасының іске асырылуына аралық бағалау жүргізген.

«Жалпы «Жайлы мектеп» жобасы 2024-2025 жылдарға 520 млрд теңге мөлшерінде жеткіліксіз қаржыландырылғанын атап өткім келеді. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, яғни дирекция бірыңғай стандарт бойынша 37 жобалық-сметалық құжаттама әзірлемеген. Дирекцияның ЖСҚ-ны әзірлеу міндеттері толығымен консорциумдарға берілген. Соның салдарынан әр мектептің жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу шығындары 3 пайызға ұлғайтылған. Сондай-ақ бекітілген тәртіппен әзірленген 26 жобалау-сметалық құжаттама бойынша есептелген құрылыстың құны 45 млрд теңгеге, яғни 35 пайызға асырылған», - деді Нұржанов.

Бұдан бөлек осы уақытқа дейін 12 жер учаскесі бойынша проблемалық мәселелер шешілмеген.

«Бекітілген жобалау-сметалық құжаттама және оларға оң қорытынды болмаса да, кейбір мектептердің құрылысы басталып кеткен. Мәселен, 2024 жылғы 5 наурыздағы жағдай бойынша 208 нысанның ішінде 72-сі бірінші қабаттан жоғары салынған, 42 объекті бойынша іргетасы қаланған», - деді палата мүшесі.

Сонымен қатар әкімдіктердің салынған мектептерді меншік иелерінен сатып алу механизмін іске асыру кезінде бір мектепті сатып алу құны есептік бағадан 36%-ға асатыны анықталды.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.