Оның айтуынша, өңірлерді тасқын су басқанда геодезиялық қызмет өз тиімділігін көрсеткен
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында геодезия және картография комитетін цифрлық даму министрлігінің құрамында сақтауды немесе бөлек орган ретінде бөліп шығаруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Депутаттың айтуынша, геодезия және картография мемлекет құраушы салалардың бірін құрайды. Мемлекеттік басқаруда шешім қабылдау, елдің инфрақұрылымын дамыту, қорғаныс пен навигациялық қызметтерді қамтамасыз ету кезінде карталар мен геодезиялық есептер аса маңызды рөл атқарады.
«Еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны басталғанда, геодезиялық қызмет өз тиімділігін көрсетті. Жүргізілген геодезиялық өлшемдердің арқасында су басудың визуалдық схемаларын жасау үшін алынған деректер өңделіп, жедел облыстық штабтарға жолданды. Бұл су басу қаупі бар аумақтарды анықтауға және талдау жасауға, қосымша қорғаныш құрылыстарын тұрғызуға және нығайтуға мүмкіндік берді», - деді Смағұлов.
Десе де, оның айтуынша, саланың маңыздылығына қарамастан үкіметтің биылғы 27 сәуірдегі қаулысымен ҚР ЦДИАӨМ геодезия және картография комитеті таратылған.
«Бұл шешімнің сала үшін ауқымды теріс салдары болатынын бәріміз түсінеміз. Мамандардан айырыламыз, процестерді үйлестіру жұмысы әлсірейді. Комитет 2019 жылы құрылды, сол кезде геодезия және картография саласы мүшкіл жағдайға жетті. Меншік нысандарын жиі ауыстыру және қайта құру көптеген проблемаға әкеп соқты: ескірген координаттар жүйесі, құпиялылық пен деректердің шашыраңқылығы. Осы мәселелерді шешпей, цифрлық қалаларды, ақылды өңірлерді, экологиялық және инфрақұрылымдық геомониторингтерді құру, сондай-ақ төтенше жағдайлар мен елдің барлық саласын геоқамтамасыз ету сияқты жобаларды одан әрі дамыту мүмкін емес», - дейді мәжілісмен.
Осыған байланысты Смағұлов комитетті министрліктің құрылымында сақтау немесе геодезия және картография мәселелері бойынша жеке мемлекеттік орган ретінде бөліп шығару қажет деп санайды.