Министр Шаққалиев 8 млн теңгеге құттықтау хаттар мен грамоталар таратады

Автор: Темірхан Айжан

Полиграфиялық өнімдер ұсынуға өтініштер бір аптадан астам уақыт ішінде қабылданған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Сауда және интеграция министрлігі жыл басында полиграфиялық өнімдер сатып алу үшін 17 млн 857 мың теңгегің лотын жариялаған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сәйкес, полиграфиялық қызмет көрсетуге мүдделі компаниялар 2023 жылдың 28 желтоқсаны мен 2024 жылдың 8 қаңтар аралығында өтініш берген.

Конкурс қорытындысы бойынша 8 млн теңгеге «Alikamkor» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеңімпаз атанған. Жетекшісі – Ибраева Наргыз Бериковна деген азамат.

Сонымен, Арман Шаққалиев басқарып отырған министрлік әуел баста 17,8 млн теңгеге, ал, шарт бойынша 8 млн теңгеге қандай өнім сатып алғанын қарап шығайық. Бұл лот аясында министрлік 300 дана грамота мен алғыс хат,  А4 форматты жапсырмасы бар 150 құттықтау хат, 300 блокнот,  өрнектелген, логотипі бар 75 күнделік, былғары, борланған қағаздан жасалған, үстел үстіне қоятын 75 күнтізбе, қабырғаға ілетін 40 дана күнтізбе сатып алған.