Республика бойынша 12 908 баспана су астында қалған
Қазақстанда су басқан елді мекендерден эвакуацияланған тұрғындардың тең жартысы әлі үйлеріне оралған жоқ. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, еліміздің 8 өңірінде жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі сақталып отыр. Су басу аймақтарынан 119 мыңнан астам адам эвакуацияланған, оның 44 мыңы балалар.
«Бүгінгі таңда өз үйлеріне 55,6 мың адам оралды. Эвакопункттерде шамамен 5 мың адам қалды, туыстарында 58 мыңнан астам адам орналасқан», - деді Бозымбаев үкімет отырысында.
Су тасқыны жағдайының қорытындысы бойынша 12 908 тұрғын үйді су басқан, оның ішінде 3 өңірде (Ақтөбе (144 үй), Атырау (14) және Солтүстік Қазақстан (106) облыстарында 264 үй әлі де су астында қалып отыр.
Сондай-ақ, 25 921 саяжай учаскесі су астында қалды, онда 18 025 саяжай үйі бар. Алты мыңнан астам саяжай зардап шеккендердің жалғыз баспанасы.
Бұған қоса Бозымбаев үш өңірде күйдіргі көмілген 10 орынды (Ақтөбе-3, БҚО – 3, СҚО – 4) су басқанын айтты. Тиісті қызметтер жергілікті жерлерде жедел дезинфекциялық іс-шараларға кіріскен.