«Атүсті қарауды тоқтатыңыздар»: үкімет басшысы әкімдерге ескерту жасады

Автор: Аубакирова Нургуль

Бектенов президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзі тексермек

Фото: Ақорда

Премьер-министр Олжас Бектенов өңір әкімдерінен жылу маусымына салғырт қарамауды талап етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оның айтуынша, жылу электр орталықтарын жөндеу жұмыстарында қауіп бар. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8 қаңтардан бері әлі күнге дейін басталмаған. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ.

«Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек», - деп тапсырма берді Бектенов үкімет отырысында.

Сондай-ақ елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Премьердің айтуынша, бізде жылу мен энергияны үнемдеу тәсілі теріс. 

«Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талап бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Мен өңірлерге сапарым кезінде президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеремін. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет», - деді үкімет басшысы.

Осыған байланысты Олжас Бектенов энергетика, өнеркәсіп министрліктері мен өңір әкімдіктеріне жылу беру маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15 мамырға дейін бекітуді тапсырды. Ал орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері жаңа жылу беру маусымына 15 қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлер 15 қазанға дейін толық дайын болуға тиіс.