Ол төменде орналасқан саяжайлар жылда суға кететінін айтты
Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов эвакуацияға көнбейтін азаматтар жайлы айтып берді, деп хабарлады Azattyq Ruhy.
«Жекелеген азаматтар үйлерін тастап кеткісі келмейді, олармен келіссөздер жүргізуге көп уақыт кетті, бірақ эвакуация – олардың қауіпсіздігі үшін жалғыз ғана шешім екенін түсіндірдік. Құтқару кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, әйелдер мен балаларға басымдық берілді. Су басу аймақтарынан барлығы 119 мыңға жуық адам алдын ала эвакуацияланды, оның ішінде 44 мыңнан астам бала бар », - деді Сыздықов.
Оның айтуынша, құтқарушылар мен өзге қызметкерлер тәулік бойы және өте қиын жағдайларда жұмыс істеп жатыр.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов болса халықты мәжбүрлі түрде эвакуациялау керегін жеткізді.
«Эвакуациялау жайлы мен де бірнеше рет айттым. Адамдарды мәжбүрлі түрде көшіру керек. Полициямен бірлесіп, үйлердің барлығын аралап көшіріңіздер. Ешкім қалып қоймасын. Оралдың өзіне су келген жоқ. Оны ашық айтып, халыққа жеткізу керек. Саяжайлар төмен жерде орналасқан, оларды жыл сайын су басады. Осыны жақсылап түсіндіру керек», - деді Олжас Бектенов.