Сенат Заң арқылы көші-қонды бақылау саласындағы кейбір талаптар пысықталуы тиіс деп санаған
Сенаторлар Халықтың көші-қоны және қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы заңнамаға түзетулерді енгізу жөніндегі заң жобасын Мәжіліске қайтарды. Құжатта педофилдер мен террористерге Қазақстанға кіруге тыйым салу туралы норма бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Осы Заң арқылы ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасаған шетелдіктердің Қазақстан Республикасына кіруіне тыйым салуға болатын дәлелдер қатары көбейді», - деп атап өтті сенатор Советбек Медебаев.
Жалпы, құжатты талқылау кезінде Сенатта мына өзгерістер ұсынылды:
Жаңа заңға сәйкес, балаларға қарсы жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталған адамдар, сондай-ақ экстремистік немесе террористік әрекеттерге қатысы бар шетелдіктер Қазақстанға кіре алмайды немесе азаматтық ала алмайды.
Тағы бір өзгеріс: қазақ ұлтына жататындығын анықтау және қандас мәртебесін алу рәсімі жеңілдейді. Оны енді жергілікті атқарушы органдар арқылы реттеуге болады. Қандас мәртебесін квота шеңберінде енді этникалық қазақтардың отбасы мүшелері немесе жесір қалған әйелдері, олардың ортақ балалары да ала алады.
Заңға енген өзгерістерге сәйкес, шетелдіктер өтініш бойынша бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге еңбек рұқсаттарын ала алады. Бұрын рұқсаттар қатаң белгіленген мерзімге, яғни, 1,2,3 немесе 12 айға берілген. Өзгерістер еңбек рұқсатын шетелдік азамат үшін тағы үш айға дейінгі мерзімге ұзартуға мүмкіндік береді.