«Ғылыми зерттеулер сапасыз жасалады»: Тоқаев Үкіметке жаңа тапсырма берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек

Фото: Ақорданың баспасөз қызметі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында Үкіметке ғылымды дамыту бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырды, деп хабарлады Azattyq Ruhy.

 «Университет ғылымында қордаланған мәселелер аз емес. Беделді халықаралық рейтингтерде көрсеткіштердің төмен болуы – соның бір көрінісі. Жағдайды түзеу үшін кешенді шараларды дереу қолға алу керек. Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді. Жалпы университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын», - деді Тоқаев.
 

Мемлекет басшысы университтер ғылым мен ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аударуы қажет екенін жеткізді.

«Соңғы жылдары ғылым және орта білім саласында табысты реформалар жасалды. Бірақ тың өзгерістер жоғары оқу орындарынан кадрлардың кетуіне әкеп соқтырды. Ғылыми атағы бар білікті оқытушылар жалақысы көп мектептерге және ғылыми ұйымдарға ауыса бастады. Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады. Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырамын», - деді ол.

Президент университеттегі кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отырғанын айтты.

«Жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткіші өте төмен. Яғни 100 балдық жүйенің бір баллынан да аспайды», - деді ол.