Бектенов резеңке етік киіп СҚО-ның су тасқынына дайындығын тексеріп жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Үкімет басшысы солтүстіктегі су тасқынына қарсы шараларға барлық күшті жұмылдыру керек дейді 

Фото: primeminister.kz

Солтүстік Қазақстан облысында су тасқынына қарсы іс-шараларға 3000-нан астам адам жұмылдырылды. Бұл туралы өңірге сапар жасаған премьер-министр Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бектенов Петропавлда Есіл өзені арнасынан асып кеткен жағдайда қаланы және жақын маңдағы елді мекендерді су тасқынынан қорғауға арналған бөгеттерді нығайту жұмыстарын тексерді. Сондай-ақ ол Тепличное және Кожевенная ауылдарындағы қорғаныш үйінділерінің жағдайын қарап, 2017 жылғы су тасқынынан кейін жүргізілген жұмыстардың есебін тыңдады. Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, Олжас Бектенов тұрғындармен кездескен. Үкіметтің телеграм арнасы таратқан видеода Бектеновтің резеңке етік киіп, тұрғындардың сауалына жауап беріп жатқанын көруге болады. 

"Жұмысқа жеке құрам мен Ұлттық ұлан жұмылдырылды. Полк те күшейтіледі. Қорғаныс министрлігі қосылды, сондықтан күш жеткілікті болуы керек. Қазір күш біріктіріп, алдағы 2-3 күнде ауыр зардаптардың алдын алу үшін көп жұмыс істеу керек. Ең алдымен адамдар зардап шекпеуі маңызды", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Дереккөзіне сүйенсек, қазір су тасқынына қарсы іс-шараларға әкімдіктің, ПД, Ұлттық ұлан бөлімшесінің және жеке ұйымдардың 1432 қызметкері, 1200 ерікті қатысып жатыр. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бүгін Қорғаныс министрлігінің 300 әскери қызметшісі келді. Осылайша барлығы 3000-ға жуық адам жұмылдырылды.