Бектенов тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелеріне де жете назар аударылмайтынын айтты
Үкімет басшысы елімізде қалдықтарды басқару инфрақұрылымын дамыту мәселесі әлі шешімін таппай келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Көптеген өңірлерде әлі күнге дейін коммуналдық қалдықтарды ұтымды жинау мен шығаруға және оларды сұрыптап, қайта өңдеуге жеткілікті көңіл бөлінбей келеді. Оңды-солды рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері пайда болуда. Оларды жою мәселелері уақтылы шешілмейді», - деді ол.
Бектеновтің айтуынша, бұл өңірлердегі экологиялық жағдайға айтарлықтай нұқсан келтіреді.
«Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, дамыған елдер тұрмыстық қалдықтарды қайтадан өңдеп, барынша кәдеге жаратып отыр.
Ал, бізде қарапайым сөзбен айтқанда, жиналған қоқысты жерге көме салу, тіпті болмаса таудай қылып үйіп қою үйреншікті жағдайға айналды. Бұл елді-мекендердің көркін бұзумен қатар, ешқандай санитариялық, экологиялық нормаларға сай келмейді», - деді Үкімет басшысы.
Ол сонымен қатар тамақ қалдықтарын кәдеге жарату мен қайта өңдеу мәселелеріне жете назар аударылмайтынын айтты.
«Олардың қауіптілігіне жете мән берілмейді. Аталған проблемаларды шешу үшін қалдықтарды жинаудан бастап, қайта өңдеуге дейін кәдеге жаратудың тиісті механизмдерін әзірлеу қажет.
Министрлік пен өңірлер бұл жұмысты созбалаңға салып жіберді. Кәсіпорындардың көпшілігі қайталама шикізатты жинаумен, оны буып-түйіп, шетелге сатумен ғана айналысады», - деді Бектенов.
Үкімет басшысы қалдықтарды қайта өңдеп, түпкілікті өнім шығарып отырғандардың аз екенін атады.
«Мысалы, Солтүстік Қазақстан облысында «Радуга» компаниясы полиэтилен мен қағаз қалдықтарын қайта өңдеп, халық тұтынатын әр түрлі тауарлар өндіреді.
Шымкентте «Еврокристалл» компаниясы шыныны қайта өңдеп, ыдыс-аяқ шығарады.
Алматы облысында «KZ recycling» компаниясы макулатурадан қағаз өнімдерін шығарады.
Ал Қызылорда облысында әрбір аудан қалдықтарды қайта өңдеуге қатысты өз жобаларын іске асыруда. Осындай оң тәжірибелер әр өңірде болуға тиіс. Алайда, мәселен, Атырау, Ақтөбе және Абай облыстарында көптен бері қалдықтарды сұрыптау желісін іске қоса алмай келеді», - деді Премьер-министр.
Үкімет басшысы бүкіл әлем қоқысты қайта өңдеп, табысты бизнес көзіне айналдырып отырғанда, біз де замана көшінен қалмауға тиіс екенімізді еске салды.
«Осындай жобаларды іске асыру кезінде кәсіпорындарды экономикалық жағынан ынталандырудың тиімді тетіктері енгізілуі қажет. Оның үстіне, коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу мен сұрыптау жобалары 15 жылға 3% жеңілдікті ставкамен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландырылатын болады. Сондай-ақ, қалдықтар жинауды, тасымалдауды және қайта өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындар үшін ЭкоҚолдау төлем бағдарламасының тетігі қайта іске қосылды.
Бұған қоса, қалдықтармен жұмыс істеудің нақты жүйесі экономикалық және экологиялық әсер беріп қана қоймай, кәсіпорындар ашуға, жаңа технологиялар тартуға, жұмыс орындарын құруға да ықпал ететін болады», - деді Үкімет басшысы.
Бектенов Экология министрлігіне облыстар мен қалалардың әкімдеріне жобаларды тиімді іске асыруын бақылауға алуды тапсырды.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН