$ 518.31  567.96  6.03
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартуды жеделдету керек – Үкімет басшысы

Бектенов биыл кешенді жекешелендіру жоспарын 90%-ға іске асыруды тапсырды

Мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқартуды жеделдету керек – Үкімет басшысы
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Үкімет отырысында экономикалық саясат басымдықтарының бірі  – мемлекеттің экономикадағы үлесін кезең-кезеңімен қысқарту екенін және баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Осы саясатты іске асыру кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелестік ортаға беру арқылы сүйемелденуге тиіс. Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін 2025 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімнің 14%-ына дейін қысқартуға тиіспіз», - деді Үкімет басшысы.

Сонымен бірге ол биыл кешенді жекешелендіру жоспарын 90%-ға іске асыруды тапсырды.

«Бұл ретте, жекешелендірудің тиімді болуына, оның ішінде жекешелендіру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған IPO-ға арналған институционалдық ортаны қалыптастыру маңызды.

Жекешелендірудің ашықтығы мен ақпараттың қолжетімді болуы үшін цифрландыру құралдарын белсенді түрде пайдалану қажет», - деді Бектенов.

Ол Ұлттық экономика министрлігіне жекешелендіру және мемлекеттік мүлікті басқару процестерін жақсартуға бағытталған тиісті заңнамалық түзетулердің қабылдануын қамтамасыз етуді тапсырды.

«Бұдан басқа, өңір әкімдері мен «Самұрық-Қазына» қорына Кешенді жекешелендіру жоспарының, оның ішінде IPO-ны өткізу іс-шараларының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын»,-деді Үкімет басшысы.

Бектенов Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру жөніндегі тапсырмасының сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз ету керектігін атап өтті.

«Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар нарықтық бәсекелестікті дамытуға, жекешелендіруді тиімді жүргізуге және квазимемлекеттік секторды реформалауға бағытталуға тиіс.

Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесінің шын мәнінде төмендеуі және адал бәсекелестіктің дамуы аталған жұмыстың нәтижесі болуы керек», - деді Үкімет басшысы.

Бектенов мемлекеттік органдарға экономика салаларындағы бәсекелестікті ырықтандыру және дамыту бойынша батыл шаралар қабылдауға тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары