Олжас Бектенов Президенттің Екібастұз ЖЭО жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Премьер-Министр сондай-ақ «Проммашкомплект» ЖШС теміржол дөңгелектерін шығару кәсіпорнының қызметімен де танысты

Фото: ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі

Павлодар облысына жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарының барысымен және тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Екібастұз ЖЭО-да өңір әкімі Асайын Байханов Үкімет басшысына жылумен қамту жүйесін қалпына келтіру аясында барлық 10 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін хабарлады. Станса көрсетілген параметрлерге сәйкес қалыпты қуатында жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар 4 жылу магистралі мен орамішілік желілер де күрделі жөндеуден өтті. 

Қазіргі таңда Екібастұздың жылумен жабдықтау жүйесіне техникалық аудит жүргізілуде. 4 кезеңнің 3 кезеңі аяқталды, жыл соңына дейін барлық магистральды желілерді цифрландыру аяқталады. Премьер-Министр Екібастұздың жылумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру процесін жалғастыру қажет екенін атап өтті. Үкімет тарапынан толықтай қолдау көрсетілетін болады.

«Біз Екібастұздың 2022 жылдың қысында қандай қиыншылықты бастан өткергенін білеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет резервінен жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және Жылу электр орталығын жаңғыртуға 16,4 млрд теңге бөлінді. Меншік иелерімен бірлесіп, Жылу орталығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Барлық қазандықтар жөндеуден өтті. Қаланың жылу желілерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жұмыс қарқынын арттырып, жылу желілері мен жылу көздері жабдықтарының тозуын азайту қажет», - деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ өңір әкімі облыстың үш қаласында жөндеу науқанының жоспарын ұсынды. Екібастұз қаласы бойынша ТМ-I және ТМ-III жылу магистральдарын күрделі жөндеудің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бірінші кезекте су жылыту цехын күл шығару жүйесімен қамтамасыз ету үшін тазартылған су құбырын салу қажет. Екібастұздағы кәріз коллекторы мен Майқайың су құбырын күрделі жөндеу жобалары әзірленді. Павлодарда ТМ-13 құрылысы, ал Ақсу қаласында орамішілік жылу желілері күрделі жөндеуді қажет етеді.

Премьер-Министр сондай-ақ «Проммашкомплект» ЖШС теміржол дөңгелектерін шығару кәсіпорнының қызметімен танысты. Аталған зауыт – 2012 жылдан бері жұмыс істейді және Қазақстанда осындай өнім шығаратын жалғыз кәсіпорын. Оның ассортименті халықаралық стандарттарға сәйкес келетін локомотивтерге, жүк және жолаушылар вагондарына арналған теміржол дөңгелектерінің 400-ден астам түрін қамтиды.

Қуаттылығы жылына 300 мың бірлік өнім шығаратын кәсіпорынды іске қосу Екібастұзда толыққанды теміржол кластерін құруға және импортты алмастыруға елеулі үлес қосуға мүмкіндік берді. Зауыт республиканың ҚТЖ және өнеркәсіптік кәсіпорындарының қажеттіліктерін ішінара өтейді, сондай-ақ өнімді Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанға жеткізеді. Сондай-ақ еуропалық нарыққа арналған дөңгелектер өндірісін меңгеру жоспарда бар. Қазіргі уақытта техникалық құжаттама дайындалып, өндіріс процесі ұйымдастырылуда.

Олжас Бектенов мемлекет теміржол саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті, өйткені барлық жүк айналымының шамамен 70%-ы және жолаушылар тасымалының 60%-ға жуығы темір жолдардың үлесіне тиесілі.

«Бұл – Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей кәсіпорын. Сіздерде тұрақты тапсырыстар бар. Өндіріс қуатын арттыру үшін мүмкіндіктер жеткілікті. Аталған зауыттың толық жүктелуін қамтамасыз ету маңызды», - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысы ұлттық тасымалдаушының сұранысы негізінде өнімді жеткізу бойынша ұзақмерзімді келісімшарттар жасай отытырп, ҚТЖ-мен өзара іс-қимылды күшейту мүмкіндіктерін пысықтауды тапсырды.