Бектенов абаттандыру мен көгалдандыру жұмысын жүйелі жүргізбей отырған әкімдіктерді сынады

Автор: Темірхан Айжан

Үкімет басшысы саябақтар мен скверлердің келбеті иесіз қалған жердей көрінетінін айтты

Фото: Әсет Құндақбаев

Премьер-министр абаттандыру мен көгалдандыру жұмысын жүйелі жүргізбей отырған әкімдіктерді сынға алды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.   

Ол әкімдер тұрғындардың пікірлерімен санасу керектігін ескертті. Өйткені, қалада орынсыз құрылыстардың салынуына көбінесе тұрғындар жол бермеуге тырысады.

«Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары қала тұрғындардың өмір сүру жағдайын жақсартумен қатар, туристік саланы дамытуға да ерекше серпін береді. Дегенмен, біздің азаматтарымыз әлі де болса тротуарлар мен жарықтың жоқтығын, жасыл желектің аздығын айтып, жиі шағымданады. Яғни, түрлі қолайсыздықтарға күн сайын кезігеді»,- деді Үкімет басшысы.

Оның сөзінше, елордада ыңғайлы автобус аялдамалары, отбасылық демалысқа арналған жайлы орындар жоқтың қасы.

«Әкімдіктер тарапынан жүйелі жұмыстың болмауы абаттандыру мен көгалдандырудың негізгі проблемасы екенін атап өткім келеді. Ағаштар мен өсімдіктер отырғызылады, бірақ кейін ешқандай күтім жасалмайды. Көпшілік жиналатын қоғамдық орындар мен үй маңындағы аумақтардың ұсқынсыз жағдайы үлкен проблемаға айналған»,- деді Бектенов.

Үкімет басшысы саябақтар мен скверлердің келбеті иесіз қалған жердей көрінетінін айтты.

«Оларды жыл сайын жаңартып отыру, көркейту жұмыстары жүргізілмейді. Кейде тіпті саябақтарда объектілер салу фактілері де кездеседі. Сондықтан, жұртшылық осындай проблемаларды жиі көтереді. Адамдар өздері тұратын қалалардың көрікті әрі өмір сүруге қолайлы болғанын қалайды»,- деді ол.

Бектенов халықтың осындай күнделікті мәселелерді шешуде үлкен белсенділік танытып отырғанын атап өтті. Қоғам белсенділерінің арқасында Астанада бірқатар жерлерде салынуы тиіс объектілердің орнына скверлер мен демалыс орындары пайда болды.

«Осыған ұқсас жағдай Алматы қаласында да қалыптасып отыр. Мұнда қала тұрғындары үшін қолайлы орта жасау жұмыстары белсенді жүруде. Мысалы, Байсейітова көшесіндегі қараусыз қалған аумақ саябаққа айналды. Биыл әкімдік жаңадан 3 саябақты пайдалануға беріп, 3 саябақты күрделі жөндеуден өткізуі тиіс.Тұрғындар орынсыз құрылыс салуға, қаланың тарихи аудандарында тығыз құрылыс жұмыстарын жүргізуге және ағаштарды кесуге табанды түрде қарсы шығып жатқаны мәлім. Қала тұрғындарының пікірін ескерген абзал. Мұндай мәселелер еліміздің барлық қалаларында жиі көтеріледі», - деді Премьер-министр.

Ол әкімдіктердің қалаларды дамыту мен құрылыс салуды жоспарлау бойынша шешімдерді қоғамның талқысына салмай, қабылдап жібергенін атап өтті. Үкімет басшысы, қалалық аумақтарды дамыту мен құрылыс жұмыстары бас жоспарларға сәйкес қатаң түрде жүзеге асырылу керек екенін ескертті.