Үкімет басшысының айтуынша, озық елдердің көпшілігі АЭА-ны инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған
Олжас Бектенов инвесторларға көптеген жеңілдіктер берілгенімен, оны тиімді пайдалану және сапасы бойынша мәселелер бар екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Жаһандық бәсекелестік жағдайында мемлекеттік қолдау шаралары инвестиция тартудың маңызды факторы болып табылады.
Біз инвестицияларды жоғары деңгейде өңделген өнімдер шығаруға, технологиялар трансфертіне және өндірістерді локализациялауға белсенді түрде бағыттауымыз керек.
Бүгінде инвесторларға салықтық жеңілдіктер, кедендік баждардан босату, заттай гранттар беру, кепілдендірілген тапсырысты қамтамасыз ету және тағы басқа да түрлі преференциялар беріліп отыр.
Дегенмен, қолдау құралдарын тиімді пайдалану және олардың сапасы бойынша сұрақтар бар.
Мәселен, арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отыр.
Ал, озық елдердің көпшілігі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр атап өткендей, Дүниежүзілік банктің деректері бойынша салық және кедендік жеңілдіктер тартымдылығы жағынан тек үшінші, төртінші орындарда тұр.
Ал, бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан.
«Біздің Арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арттыра алмай келеді.
Сондай-ақ, біз басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражатын жұмсап отырмыз, бірақ олардың тарапынан инвестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ», - деді Бектенов.
Авторы: Айжан ТЕМІРХАН