Елбасы: Мемлекеттік бағдарламалар қағаз жүзінде ғана орындалады

Автор: Azattyq Rýhy

Бүгін Елбасының төрағалығымен Үкіметтің, «Nur Оtаn» партиясы мен оның Парламент Мәжілісіндегі фракциясының мүшелері қатысқан кеңес өтті

elbasy.kz

Жиын барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқарылғанын, бірақ кейбір жобалар қағаз жүзінде қалып қойғанын айтты. Сонымен қатар ол мемлекеттік бағдарламалардың кейбірі тек жартылай орындалғанына ашуланды.

«100 нақты қадам» Ұлт жоспары тек жартылай ғана жүзеге асырылған. Мен барлығына 100 нақты қадам жоспарын қолға алып, шаңын бір сүртіп, қайта оқып шығуды ұсынамын. Сол жерде барлық сала бойынша дамуға қажетті қадамдар көрсетілген. Кейбір қадамдар енді атқарылып жатқанын білемін. Бірақ оны бақылауға алу керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Жиында Елбасы азық-түлік қауіпсіздігі туралы да айтты.

«Отандық дүкен сөрелері импорт тауарларға толып тұр. Өзіміздің өндіріс артып жатқан жоқ. Мен азық-түлікті шеттен әкелмей, өзіміз өндіруіміз керек екенін үнемі айтып жүрмін. Қорғаныс, энергетика мен азық-түлік -  мемлекеттің ең басты қауіпсіздігі», - деді Елбасы.

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев депутаттар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын бақылауға міндетті екендігін атап өтті.

«Депутаттар Парламент қабырғасында отырмай, аймақтарда жиі болуы керек. Көбіне бұл формалды сипатта өтеді. Халық қалаулылары объектілерді аралаумен шектеледі. Кейде әртүрлі депутат бір объектіні кезегімен аралап шығады. Партиялық фракция депуттары халыққа жақын болуы керек. Олар резонансты проблемаларды көтеріп, нақты шешім ұсынулары керек», - деді Елбасы.