Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады – Бектенов

Автор: Аманалина Тоғжан

Ол өзінің орынбасарларына да нақты үйлестіруді ұйымдастыруды тапсырды

Фото: primeminister.kz

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерді салу керегін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Ұлттық экономика және Қаржы министрліктері республикалық бюджеттің шығыстарын да, кірістерін де сапалы жоспарлауды қамтамасыз етулері қажет. Мұнда ең алдымен цифрландыру есебінен салықтық және кедендік әкімшілендіруді жетілдіру бойынша пәрменді шаралар қабылдау маңызды», - деді Бектенов.

Оның айтуынша, қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды.

«Тағы да атап өткім келеді – экономиканың жоғары қарқынын қамтамасыз ету үшін бар күшімізді салуымыз керек. Менің орынбасарларым жетекшілік ететін салалар бойынша нақты үйлестіру мен бақылауды ұйымдастыруы қажет. Әрбір министр мен өңір әкімі алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін тікелей жауапты болады», - деді ол.

Автор: Аягөз ҚҰРМАШ