«Заңсыз әрекеттеріне халықтан түсетін шағым көп»: Смайылов өзен мен көлдерге қалдық төгетін компаниялар жайлы

Автор: Аманалина Тоғжан

Ол табиғатты қорғау шараларын жаппай жүргізудің де маңызы зор екенін айтты 

Фото: ашық дереккөзден

Премьер-министр Әлихан Смайылов қоршаған ортаны ластайтын компаниялардың әрекетімен күресу бойынша бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Атмосфераны ластағыш заттардың басымы өнеркәсіп кәсіпорындарынан шығатыны белгілі. Атап айтқанда  жылу энергетикасы мен мұнай-газ секторларының кәсіпорындары, тау-кен өндіру  және өңдеу салалары, қара және түсті металлургия кәсіпорындары. Осы ретте экологияны сақтау мәселелеріне аса көңіл бөлінуде. Кәсіпорындардағы ластағыш заттарды үнемі бақылап тұру үшін автоматтандырылған мониторинг жүйесі енгізілуде. Бұл кәсіпорындардың шығарындыларын нақты уақыт режимінде қадағалап тұруға және белгіленген нормалардан асып кеткен жағдайда жедел әрекет етуге ықпал етеді», - деді ол. 

Смайылов атағандай, қоршаған ортаға әсерді азайту мақсатында және кәсіпорындардың заманауи шешімдерін енгізуде ең үздік технологиялық анықтамалықтар бекітілді.

«Мұндай технологияларды қолдану қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді азайтады. Анықталған экологиялық проблемалардың негізінде оларды кешенді шешу бойынша өңірлік Жол карталары мен Табиғат қорғау іс-шараларының жоспарлары әзірленді. Дегенмен әлі шешілмеген өзекті мәселелер бар. Мысалы, атмосфераның ғана емес, су ресурстарының да ластану фактілері орын алып отыр. Кейбір кәсіпорындар өзендер мен көлдерге қалдықтарды рұқсатсыз төгуде», - деді Смайылов. 

Премьер атағандай, компаниялардың осындай заңсыз әрекеттеріне халықтан түсетін шағым көп.

«Су ең құнды ресурс, біз оны қорғауға міндеттіміз. Озық халықаралық тәжірибе негізінде ESG стандарттарын енгізу қарқыны төмен. Әлемнің көптеген компаниялары үшін бұл стандарттар   жұмыстың ажырамас бөлігіне айналған. Олар экологиялық көрсеткіштерді ғана емес, әлеуметтік,   қаржылық және өндірістік көрсеткіштерді де жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ ESG стандарттарын сақтау халықаралық қаржы институттарымен кредит беру кезінде назарға алатын критерийлердің бірі болып табылады. Жалпы отандық кәсіпорындардың экологиялық қауіпсіздігін барынша арттыру үшін ресурс үнемдейтін және қалдықсыз технологияларды белсендірек енгізу қажет. Табиғатты қорғау шараларын жаппай жүргізудің де маңызы зор», - деді ол. 

Әлихан Смайыловтың айтуынша, компаниялар ағаш отырғызу, өзен арналарын тазарту, орман алқаптары мен далаларда қоқыс жинау науқандарын жүйелі түрде жүргізіп тұруларына болады.

«Ол үшін Экология министрлігі мен әкімдіктер табиғат пайдаланушылармен бірлесіп жоспарлы жұмыс жүргізу керек. Сонымен қатар экологиялық іс-шараларды практикалық тұрғыдан іске асыруға   белгілі бір уақыт керек. Әсері бірден болмайды. Бұл ауқымды әрі ұзақ мерзімді процесске,   кәсіпорындар, мемлекеттік органдар, экологтар, ғылыми қауымдастық пен жұртшылық жұмыла кірісуге тиіс. Нақ осындай тиімді әрі сындарлы жұмыс қана еліміздегі қазіргі экологиялық жағдайды жақсартуға ықпалын тигізеді», - деді ол. 

Оның айтуынша, Экология министрлігі әкімдіктермен бірлесе кәсіпорындардың экологиялық міндеттемелерін сақтауын қамтамасыз етуі, оның ішінде су ресурстарының ластануына жол бермеуі қажет.

«Әкімдіктер бекітілген өңірлік Жол карталары мен Табиғатты қорғау іс-шаралары жоспарларының   іске асырылуын қамтамасыз ету қажет. Экология министрлігі өнеркәсіп, энергетика, еңбек министрліктерімен бірге өнеркәсіп кәсіпорындарында ESG стандарттарын енгізудің нақты шараларын әзірлеу тиіс», - деді ол.

Авторы: Аягөз ҚҰРМАШ